Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Рөлге жармасқан": БҚО- да ауыл тұрғындары тас жолдағы қыз елесі үшін құрбандық шалды

Опубликовано:

Елес
Видеодан кадр: NUR.KZ

Бірнеше күннен бері WhatsApp мессенджерінде Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданы Ханкөл ауылының маңында сары шашты қыздың елесін көргендерін айтқан тұрғындардың әңгімесі таралуда деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Адамдар тылсым күш жайлы әңгімелерін айтып, аудиожазбаларын бөлісуде.

"Тас жол жиегінде сары шашты қыз жүргізушілерді қорқытады. Кейбіреуі кәрі кемпірді де көрген. Олардан қорықпау мүмкін емес, тіпті, еркектер жылайды",- дейді хабарламадағы әйелдің даусы.

"Жас жігіт Қаратөбе ауданынан Ханкөл ауылы арқылы түнде келе жатқан. Жолда сары шашты қыз оның көлігіне отырып, рөлге жармасып, кедергі келтірген. Жігіт жол апатына түсе жаздайды. Алдынан жүк көлігі шыққанда қыз жоғалып кетеді. Бұл бірінші жағдай емес. Жазда жүк көлігінің жүргізушісі де қызды көрген. Ол қорыққаннан ауылға келіп, бірінші кездескен үйдің терезесін қағады. Ал адамдар көлікті қарап шығып, ешкімді таппайды. Бірақ, көлік жүргізушісі елестер көлікте отырғанын қайталай береді",- дейді тағы бір азамат.

"Тағы бір жүк көлігінің жүргізушісі ауылдан өте бергенде көлігінде қыз пайда болған. Мешітке жеткен соң ол имамнан көлікті қарауды сұрайды. Дін өкілі ештеңе көрмесе де, жүргізуші елес барын айта береді. Ханкөлде жағдай қорқынышты, елестер терезені қағып, үйлерге кіріп, адамдарды шошытып жүр. Елестерді көргендер ауыра бастайды", - дейді ауыл тұрғындары.

Ханкөл ауылы кіретін Жусандыой ауылдық округының әкімі Талап Қазиев ауыл арасында мұндай қауесет тарағанын жасырмайды.

"Адамдар бойжеткенді, кемпір мен ұшатын елесті көргенін айтады. Олар асыра сілтеп жүрген шығар, қорыққанға қос көрінеді дейді ғой. Мен өзім ауылда күнде боламын, тас жолмен жүремін. Ешкімді де, ештеңені де көрмедім. Ақсақалдар жиылып, малды құрбандыққа шалды, Құран оқыды.

Мен де барып, ауыл тұрғындарын сабырға шақырдым. Бірақ, адамдар бұған сенеді, мұндай әңгімелер жаз соңында басталған. Бұрын мұнда мешіт көп болған, адамдар бұл жерді киелі деп әр көктем сайын садақа береді. Биыл пандемияға байланысты барлық салтты жасау мүмкін болмады, ал садақа күзде ғана берілді", - дейді Қазиев.

Ханкөлде 460 адам тұрады, орта мектеп, газ бен су бар.

Айта кетейік, осыған дейін әлеуметтік желіде онлайн сабақ кезінде елес болып киінген балалардың видеосы пайда болған еді. Роликтің Атырауда түсірілген айтылған. Алайда бұл ақпарат жалған болып шықты.

Сондай-ақ бейнебақылау камерасына түсіп қалған елес үй иесінің зәресін ұшырғанын хабарлаған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1884125-rlge-zarmaskan-bko-da-auyl-trgyndary-tas-zoldagy-eles-sin-krbandyk-saldy/

pixel