RU

Блок-бекет пен санитарлық бекеттің айырмашылығы неде

Фото
Көрнекі фото: NUR.KZ

Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметінің бөлім басшысы Азамат Садықов блок-бекет пен санитарлық бекеттің айырмашылығын айтып берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Бұл туралы Азамат Салықов Youtube желісіндегі Желмая жобасында айтып берді.

Оның сөзінше, санитарлық бекет белгілі бір аймақта инфекция мен қауіпті ауру тараған кезде қойылады, яғни эпидемиологиялық қауіпсіздікпен байланысты.

Тіпті бір облыстың шағын ауылының өзіне қойыла береді, дейді Азамат Салықов.

Бөлім басшысы соңғы уақытта елде құс тұмауының таралуына байланысты ауылдардың маңына осындай посттар қойылып жатқанын тілге тиек етті. Оның негізгі мақсаты –аурудың таралып кетпеуін қамтамасыз ету.

"Алайда ол көбінесе шектеу шараларан көздейді. Демек, санитарлық дәрігерлердің қаулысы негізінде эпидемиологиялық жағдайды ушықтармайтын факторлар анықталап, кіріп-шығу рұқсат етіледі.

Ал блок-бекет қойылғанда қоршауда қалған аймаққа мүлдем кіріп-шығуға тыйым салынады, қарулы күштер тартылады", - деп түсіндірді ол.

Айта кетейік, коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның мәліметінше, барлық өңірде COVID-19-бен ауырудың артқаны байқалып отыр.

Мәселен Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстары — қызыл аймақта, Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы "сары аймаққа" енген.

Ал коронавирус өршіген Шығыс Қазақстан облысында шектеу шаралары 25 қарашаға дейін ұзартылған.

Сонымен қатар Қостанай облысында 12 қарашадан бастап санитарлық бекеттер қою туралы шешім қабылданған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1884194-blok-beket-pen-sanitarlyk-beketti-ajyrmasylygy-nede/