RU

БҚО-да биыл түскен алғашқы қардың салдарынан жаппай жол апаты болды (видео)

Фото
Оқиға орнынан кадр, фото: Куәгер

Батыс Қазақстан облысында қар жауып, температураның күрт төмендеуінің соңы көктайғаққа ұласты. Бүгін, күннің бірінші жартысында Оралда 12 жол-көлік оқиғасы тіркелген деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Жол апатының бірі Орал-Подстепное тас жолының бойындағы өтпе жолда болған. Таңғы сағат 8 шамасында үш көлік соқтығысқан: ВАЗ-2107, Lada Priora және Volkswagen.

"Алдын ала нұсқа бойынша, апатқа кінәлі ВАЗ көлігінің жүргізушісі. Ол рөлді басқара алмай, қарсы жолаққа шығып кеткен. Салдарынан Lada Priora көлігімен соқтығысқан", - деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Жол апатынан екі әйел адам зардап шеккен. Олардың біреуінің тобығы сынған.

Депо ауданындағы жол өткелінде тағы бір апат тіркелген. Мұнда екі көліктің соқтығысуы үлкен кептеліске алып келген. Куәгерлер жолдың тайғақ болғанын атап өтті.

"Коммуналдық қызметтер қысқа дайынбыз деп мәлімдеген. Бірақ алғашқы жауған қар олардың әзір емес екенін көрсетті. Асфальт тайғақ болды. Оған құм мен тұз себу керек", - дейді көлік жүргізушілердің бірі.

Осы орайда әкімшілік полиция бөлімі Оралда 11 қараша күні таңертеңнен түске дейін 12 жол апаты тіркелгенін атап өтіп, автокөлік жүргізушілерінен қысқы дөңгелектерді ауыстыруды сұрады.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Павлодарда алғашқы қар жұртты әбігерге салғанын жазған едік.

Сонымен қатар, Қазгидромет синоптиктері алдағы қыс қандай болатынын хабарлаған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1884213-bko-da-biyl-tsken-algasky-kardy-saldarynan-zappaj-zol-apaty-boldy-video/