RU

Маңғыстау облысында көлік пен түйенің соқтығысуынан әйел адам көз жұмды

Түйемен соғысқан көлік
Фото: lada.kz

Маңғыстау облысындағы Mercedes-benz маркалы автокөлігінің жүргізушісі тас жолға шыққан түйені байқамай, жол апатына ұшырады деп хабарлайды Lada.kz.

11 қарашада болған жол-көлік оқиғасынан көліктегі жолаушы әйел оқиға орнында қайтыс болған. Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлады.

Түйемен соғысқан көлік
Фото: lada.kz

Жол-көлік оқиғасы шамамен 19:15 шамасында Ақтау-Құрық тас жолында болған.

Жарақат алған жүргізуші Маңғыстау облыстық ауруханасына жеткізілген.

"Бұл факт Мұнайлы ауданының полиция бөлімінде тіркелген", – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Еске салсақ, Алматы облысындағы Алматы-Жандосов автожолында алты көлік соқтығысып қалған болатын. Жол апатының видеосы әлеуметтік желіде пайда болған. Оқиғаға қатысты өңірдің полиция департаменті пікір білдірген еді.

Айта кеткен жөн, Қарағандыда BMW маркалы көлігі жолаушылар автобусымен соқтығысып, жүргізушісі оқиға орнында қайтыс болған еді. Алдын ала мәліметтер бойынша апатқа BMW жүргізушісінің көлікті басқара алмай, жоғары жылдамдықта қарама-қарсы бағытты жолаққа шығып кетуі себеп болған.

Сонымен қатар, Батыс Қазақстан облысында қар жауып, температураның күрт төмендеуінің соңы көктайғаққа ұласты. Сөйтіп, күннің бірінші жартысында Оралда 12 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Жол апатынан екі әйел адам зардап шеккен. Олардың біреуінің тобығы сынған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1884323-magystau-oblysynda-klik-pen-tjeni-soktygysyp-saldarynan-bir-adam-kz-zmdy/