Сенат депутаты әр балаға 18 жасқа дейін қаржы бөлуді ұсынды

Опубликовано:

Ақша
Көрнекі фото: piqsels.com

Сенат депутаты Әли Бектаев мемлекет тарапынан әр балаға 18 жасқа дейін кепілді және міндетті әлеуметтік қолдау көрсетуді ұсынды деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Сенатор елдің қазіргі әлеуметтік жүйесі бытыраңқы екенін атап өтті.

"Балаларға берілетін жәрдемақы ең төменгі кедейшілік шегінің 70%-ін құрайды. Олай болса, оларда Отанға деген патриотизм мен сүйіспеншіліктің сол деңгейде болатыны айдан анық. Мұның барлығы Қазақстанға жаңа әлеуметтік саясат енгізу қажет екенін көрсетеді. Жаңа саясат, негізінен, балаларды қорғауға және қолдауға бағытталуы қажет", – деді Бектаев үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында.

Депутаттың пікірінше, мемлекет балалардың әрқайсысын, тұрмыстық жағдайына қарамай, туған кезден 18 жасқа толғанға дейін кепілді және міндетті әлеуметтік қолдаудың жаңа стандарттарын енгізуі қажет.

"Балаларға бөлінетін бұл қаржы әлеуметтік көмек немесе жәрдемақы деп те аталмауы тиіс. "Бала капиталы" деген атаумен арнайы карточкалар арқылы әр баланың қажетіне ғана жұмсалуы керек. Әрине, ол бүгінгі әлеуметтік стандарттан әлдеқайда жоғары болуы шарт. Оған мемлекеттен қомақты қаржы да бөлінуі керек. Бірақ, балаларға жұмсалған капитал ертең еселеніп қайтатынына ешқандай да күмән жоқ", – деді сенатор.

Сонымен қатар, ол балаларға үйде жағдай жасау мақсатында отбасыларды сүйемелдеу институтын, саулық индексін, әр шаңырақтың әлеуметтік карталарын өмірге енгізу қажет деп есептейді.

Депутат қазақстандықтарды қалалық, ауылдық деп бөлмей, оларға әлеуметтік кепілдіктерге бірдей жағдай туғызу мақсатында барлық әлеуметтік бюджетті біріктіретін бірыңғай әлеуметтік қор құруды ұсынды.

Оған мемлекеттік және атқарушы органдар, квазимемлекеттік холдингтер мен кәсіпкерлердің мүмкіндіктерін жұмылдыру маңызды деп санайды.

Еске салсақ, сенаторлар қазақстандықтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану үшін табыс салығын кейін төлеуге мүмкіндік беретін Салық кодексіне түзетулер енгізу жайлы құжатты қабылдады.

Оған қоса, жоғарғы палата депутаттары тағы да Қазақстанда байлыққа салық салуды ұсынды. Ұлттық экономика министрлігі бұл ұсынысты қарастыруға уәде берді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1884355-senat-deputaty-r-balaga-18-zaska-dejin-karzy-bludi-syndy/