RU

Желіде "дезинфекторлардың" КВИ жұқтырған адамды ұстаған сәтінен видео тарады

Видеодағы кадр
Видеодағы кадр: stopfake.kz

Қазақстандықтар арасында қорғаныс костюмін киген екі ер адамның екі азаматты ұстамақ болған сәтінен видео тарап кетті. Кейбір қолданушылардың айтуынша, кадрлар Алматы облысында түсірілген.

Алматы облысының тұрғыны видеоны Stopfake.kz ресми порталының редакциясына жіберді.

"Тексеріңіз, өтінемін. Тапа-тал түсте коронавирус жұқтырған адамды ұстап жатыр. Әріптестерім жіберді, Алматы облысы", – деп жазды қазақстандық.

Факт тексерушілер анықтағандай, видео Қазақстанда емес, Қытайда түсірілген және ол бұқаралық ақпарат құралдарының назарын аударып үлгерген. Бұл туралы Secret China басылымы жазған екен.

Кадрлар Хубэй провинциясының Тяньмэнь қаласында қыста түсірілген көрінеді. Бейнежазбада карантин ережелерін бұзған ер адамды ұстау түсірілген деп хабарлайды портал.

Қазақстандық портал түсіндіргендей, Алматы облысында да, елдің басқа аймақтарында да мұндай ұстау әрекеті болған емес.

Еске салсақ, елімізде өткен тәулікте коронавирус жұқтырған тағы 587 адам тіркелген. Осылайша, қазіргі уақытта Қазақстанда COVID-19 инфекциясы анықталғандар саны 118 491-ге жетіп отыр.

Сонымен қатар, Алматы қаласы Жоғары медициналық колледждің директоры Светлана Сұлтанғазиева дезинфекция жүргізу мен алдын алу шараларының маңыздылығын атап өтті. Кәсіби маман 65 жастан асқан қала тұрғындарын санитарлық талаптарды сақтап, тұмауға қарсы екпе салуға шақырды.

Оған қоса, Қазақстанда коронавирус пен оның белгілері бар пневмониядан қайтыс болғандар саны өсті. Аурудан бір тәулік ішінде тоғыз адам көз жұмған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1884398-zelide-kvi-zktyrgan-adamdy-dezinfektorlar-stagan-stten-video-pajda-boldy/