"Құс тұмауының қатысы жоқ": Түркістан облысында құстар белгісіз себеппен қырылып жатыр
Опубликовано:

Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданында 200-ге жуық құс қырылып қалған. Рабат ауылының тұрғындарының айтуынша, белгісіз аурудан қырылған құс тек бұл ауылда ғана емес, тағы бірнеше елді мекенде анықталған деп хабарлайды Астана арнасы.
Қолдағы "құсынан" айрылып қалған жұрт қанаттылардың қандай дерттен қырылып жатқанын білмей дал.
Сонымен қатар ауыл тұрғындары ветеринарларға шағымданып отыр. Олар орталықтағы инспекцияға қанша хабарлассақ та, ешқандай тексеріс жүргізілмегенін айтады.
"Ветеринарларға тіркеліп қойғанбыз. Сұрасақ, вакцинация жетпей жатыр дейді. Не телефондарын да алмайды", - дейді Түркістан облысы, Қазғұрт ауданының тұрғыны Рабиға Байарыстанова.
Бұл мәселеге қатысты пікір білдірген Түркістан облысы аумақтық ветеринариялық бақылау инспекциясы басшысының міндетін атқарушының сөзінше, өңірде құс тұмауы тіркелмеген.
"Алайда түрлі себептермен 2 мыңнан астам құс қырылған. Бірақ құс тұмауының бұған қатысы жоқ. Сынамалар теріс нәтиже көрсеткен", - дейді Сауытбек Кенжебеков.
Дегенмен маман алдағы күндері аталмыш жағдайға қатысты сынама жүргізетіндерін атап өтті.
Ғ.Өтемісов
Айта кетейік, бұған дейін Шымкенттің Бадам тұрғын алабында үй құстары белгісіз кеселден қырылып жатқанын хабарлаған едік. Тұрғындар бұл солтүстіктен келген құс тұмауы ма деп қауіптенген. Ал мамандар қалада құс тұмауы тіркелмегенін алға тартқан болатын.
Еске сала кетейік, Солтүстік Қазақстанда құс тұмауы өршіп, құстар жаппай қырылған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1884451-ks-tmauyny-katysy-zok-trkistan-oblysynda-kstar-belgisiz-sebeppen-kyrylyp-zatyr/