RU

Көпбалалы аналардың жәрдемақысы қысқаратыны рас па: Министрлік жауап берді

Фото
Көрнекі фото: NUR.KZ

Әлеуметтік желіде 2021 жылы төрт баланы өмірге әкеліп, бағып-қағып жатқан әйелдер көпбалалы аналар санатына жатпайды, тіпті олардың жәрдемақысы да қысқаратын болады деген ақпарат желдей есіп, қызу талқылануда. Бұл шынымен рас ақпарат па, әлде құр қауесет пе? Жұртты екіұдай ойға қалдырып қойған хабарға қатысты Еңбек министрлігі пікір білдірді деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.

Бүгінде әлеуметтік желіде 4 балалы аналардың жәрдемақысы қысқартылып, тіпті 2021 жылы олар "көпбалалы аналар" санатына жатпайды деген алып-қашпа әңгімелер тарауда.

Ондағы жазбаларға үңілсек, алдағы жылы төртінші перзентін босанатын әйелдер, әлгі көмекке ілінбейді екен.

Алайда еңбек министрлігі бұл ақпараттың жай қауесет екенін, шындыққа еш жанаспайтынын хабарлады. Төрт балалы аналардың жәрдемақысын қысқарту, оларды көпбалалылар санатынан алып тастау мәселесі мүлдем қаралып жатқан жоқ.

"Ресми ақпарттарға ғана сүйенуге, соған сенуге, жалған ақпарат таратпауға шақырамын. Бұл бағытта менің айтарым: көпбалалы отбасыларды әлеуметтік қамсыздандыру мәселесі - 2000 жылдың басынан келе жатқан жүйе. Оны алып тастау қаралған жоқ.

Керісінше, өздеріңіз білесіздер, биылғы жылдан бастап біз отбасының құрамындағы бала санына қарай әлеуметтік төлем жүйесін диффренциалды түрде тағайындауды жүзеге асырдық", - деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік көмек департаменті директорының орынбасары Асқар Ниязов.

Министрлік мәліметінше, елімізде көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақыны 400 мыңға жуық отбасы алған. Ал 1 шілдеден бастап көпбалалы отбасылар мөлшері өзгертілген жәрдемақыға қол жеткізіпті.

Мәселен қаңтар-қазан айында көпбалалы аналарға 191 миллиард теңгеге жуық жәрдемақы тағайындалған.

Айта кетейік, бұған дейін сенат депутаты Әли Бектаев мемлекет тарапынан әр балаға 18 жасқа дейін кепілді және міндетті әлеуметтік қолдау көрсетуді ұсынған еді.

Сонымен қатар депутаттар коронавирус жұқтырған және одан көз жұмған дәрігерлерге берілетін төлемді қайтаруды сұраған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1884584-kpbalaly-analardy-zrdemakysy-kyskaratyny-ras-pa-ministrlik-zauap-berdi/