RU

Еліміздің үш қаласында тегін такси қызметі пайда болды

Такси
Көрнекі фото: piqsels.com

Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында тегін такси қызметі пайда болды. Енді мешіт имамдары мен жамағаты қала тұрғындарын үйлеріне тегін жеткізіп салмақ деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Мешіт имамдары өңірде қалың қар түсіп, көктайғақ болуына байланысты осындай игі шараны қолға алған. Бұл туралы Павлодар облысы орталық мешітінің бас имамы Жолдас Қоспақұлы айтты.

Облыста карантин режиміне байланысты діни орындардың қызметі шектелсе де, бұл мешіттерге қайырымдылық жасауға кедергі емес.

Осыған байланысты жұма, 13 қарашада, ақшам және құптан намазынан кейін Павлодар, Екібастұз және Ақсу мешіттерінің имамдары жамағатпен бірігіп, 17:30-ден 19:00-ге дейін қарттар мен кішкентай балалары бар ата-аналарды үйіне тегін жеткізбек.

Бұған дейін облыста екі күн бойы жаңбыр жауған еді. Салдарынан көктайғақ болған.

Өткен тәулікте Павлодар облсында бірден 24 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Облыстық жедел жәрдем станциясына көшеде жарақат алған жиырмаға жуық адам жүгінген. Осы орайда полиция жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді сақтық танытуға шақырып отыр.

Еске салсақ, бұған дейін Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті жүргізушілерді жолда сақтық шараларын сақтауға шақырған еді.

Атап айтқанда көлік құралдарының қысқы кезеңге дайындығын тексеру, шиналарын ауыстыру, құтқару қызметінің ескерту хабарламаларына назар аудару, қозғалыс кезінде қашықтықты сақтау және өзге де басқа шаралар.

Себебі елімізде соңғы күндері ауа райының нашарлауына байланысты 49 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 9 адам қайтыс болған, 53 адам дене жарақатын алған.

Мәселен 12 қарашада оңтүстік астанада 39 жол апаты болған. Қала жолдарындағы жағдай ауа райына байланысты нашарлаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1884624-elimizdi-s-kalasynda-tegin-taksi-kyzmeti-pajda-boldy/