RU

Министр: Әйелдерге берілетін кредит ұлғайтылды

Фото
Көрнекі фото: pexels.com

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов "Еңбек" бағдарламасы бойынша әйелдерге кредит беру көлемі ұлғайтылғанын айтты деп хабарлайды Қазақпарат.

Бұл туралы Біржан Нұрымбетов Қазақстанның ауыл әйелдерінің III форумында айтты.

Оның сөзінше, ауылдың өркендеуіне әйелдердің қосып жатқан үлесі өте зор.

"Әйелдердің бастамаларына, ауыл әйелдеріне қолдау көрсету – маңызы бар іс. Бүгін де біздің еңбек нарығы жұмыспен қамтушы әйелдердің жоғары деңгейі мен білікті қызметкерлердің болуымен сипатталады. Ресми статистикаға жүгінсек, елімізде экономикалық белсенді халықтың саны 9 миллион 200 мыңға жетті. Оның жартысы – 4,5 миллионы әйелдер. Олардың 95 пайызы жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 1 млн 100 мыңы ауылда еңбек етіп жатқан әйелдер", - деді министр.

Нұрымбетов министрлік өз тарапынан жұмыспен қамту, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, заманға сай дағдыларды үйрету бағытында бірқатар шаруа атқарылып келетінін жеткізді.

Оның айтуынша, Қазақстанла жүзеге асырылып жатқан "Еңбек" бағдарламасы халқымызды жұмыспен қамтуға бағытталған. Біздің бағдарламада әйелдерге ерекше маңыз берілген, дейді министр.

Нұрымбетов биыл осы бағдарлама бойынша 246 мың әйел қатысқанын атап өтті. Оның ішінде ауылда тұратындары – 123 мың адам.

"Осы жылы біз өз тарапымыздан бағдарламаға өзгеріс енгізіп, әйелдерге несие беру шаралары кеңейтілді. Бізде осы жылдан бастап көпбалалы аналар, аз қамтылған отбасылар несие алып жатыр. Олар 22 миллион теңгеге дейін ала алады", - деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Еске салайық, Қазақстанда қарыз алушылар үшін кредиттік рақымшылық жасау туралы ұсыныс қолдау тапқан жоқ болатын.

Ал ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Қазақстанда микроқаржы ұйымдары банктерге теңестірілетінін мәлімдеген еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1884649-ministr-jelderge-beriletin-kredit-lgajtyldy/