RU

Жолаушылар ұшағы Оралдағы әуежайға қона алмады

Ұшақ1
Көрнекі фото: piqsels.com

Бүгін таңертең жолаушылар ұшағы Оралға көктайғақ салдарынан қона алмады деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

"Орал" халықаралық әуежайының бас директоры Хайретдин Расқалиевтің айтуынша, түнде күннің суытуына байланысты ұшып-қону жолағында көктайғақ болды.

Сондықтан, елордадан ұшып шыққан, бортында 100 адамдай бар Air Astana ұшағын Ақтөбеге жіберуге тура келді.

"Барлық тиісті жұмыстар жасалып, ұшып-қону жолағын қалпына келтірдік. Кейін аталған ұшақ Оралға келіп қонды. Қазір әуежай қалыпты жұмыс жасауда",- деді Х.Расқалиев.

Бортта болған жолаушылардың бірінің айтуынша, ұшақ Оралға бүгін таңертең сағат 8.45-те қонуы керек еді. Ауа райының қолаусыздағынан Ақтөбе айналып келген ұшақ Оралға сағат 14.08 шамасында қонды.

Айта кетейік, көліктегі бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Сәдуақас Байғабылов COVID-19 жұқтырып алып, Дубайдан келген жолаушының ішкі әуе рейсіне жіберілмегенін мәлім етті.

Қазіргі уақытта санитарлық-карантинді постарда эпидемиологтар ПТР-тест анықтамасының бар-жоғын жіті тексеріп жатыр.

"2020 жылдың 13 қарашасында Нұр-Сұлтанға Дубайдан 129 жолаушы ұшып келді. Оның ішінде 125 адам ПТР-тест анықтамасы болғанымен, 4-і анықтамасыз келді. ПТР-тест анықтамасы жоқ Қазақстан азаматтары тәртіп бойынша транзитпен ішкі рейстерге отыру үшін ПТР-тестен өту үшін карантинге жатқызылды.

13 қарашада Нұр-Сұлтан әуежайына Қазақстан азаматы келіп, транзитпен Алматыға ұшпақ болған. ПТР-анализден өткені туралы анықтаманы өткізген. Эпидемиологтар аталмыш анықтаманы тексеру барысында қорытындыда COVID-19 бойынша оң (positive) нәтиже деп көрсетіп тұрғанын көрді. Осылайша коронавирус жұқтырған әйел жолынан қалып, елордадағы карантиндік стационарға жатқызылды", - деді Сәдуақас Байғабылов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1884697-zolausylar-sagy-oraldagy-uezajga-kona-almady/