RU

Шығыс Қазақстан облысында тағы бір қала карантинге жабылды

Коронавирус
Көрнекі сурет: pixabay.com

Шығыс Қазақстан облысындағы Алтай қаласында шектеу шаралары күшейтілді. Бұған соңғы жеті күнде коронавирус дертінің таралу деңгейінің өсуі себеп болған деп хабарлайды YK-news.kz.

Өңірдің бас санитар дәрігерінің міндетін атқарушының қаулысына сәйкес, 15 қараша сағат 00: 00-ден бастап Алтай қаласында санитарлық бекеттер қойылады.

Ол жерде Алтай қаласының сыртқы шекарасына Өскемен мен Қатонқарағай аймағынан кіріп/шығуды бақылау қамтамасыз етіледі.

Соңғы уақытта Алтай аймағында коронавирус жұқтырғандардың саны 30 адамға өскен. Жалпы аудан бойынша коронавирусты жұқтырудың 825 жағдайы тіркелген. Коронавирус жұқтырған науқастарды емдеуге арналған жұқпалы аурулар емханаларының жалпы төсек сыйымдылығы 30,83 пайызды құрап отыр.

Сонымен қатар Алтай қаласында кей нысандардың жұмысына тыйым салынды: кинотеатрлар, моншалар, сауналар, бассейндер, театрлар, мәдени нысандар, кітапханалар, мұражайлар, фитнес орталықтар мен спорттық-сауықтыру орталықтары, спорт залдары, спорт кешендері, СПА орталықтары/салондары жұмыс істемейді.

Мектепке дейінгі жастағы оқушыларға және 1-4 сыныптарға арналған білім беру мекемелеріндегі кезекші сыныптардың жұмыс істеуі кей елдімекендерде сақталған.

Адам саны 5-тен 180-ге дейінгі мектептер, ата-аналардың қалауы бойынша, сыныпта 15 оқушыдан аспаған жағдайда жұмыс істей алады. Қашықтықтан оқыту форматы Алтай, Серебрянск қалаларында және Жаңа Бұқтырма ауылында енгізілген.

Блок-бекеттер арқылы кедергісіз өтуге келесі санаттағы азаматтарға ғана рұқсат етіледі:

- халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету ұйымдарының қызметкерлері;

​- медициналық көрсеткіштер бойынша кіретін және шығатын адамдар;​

- карантиндік стационарларда емделушілер мен бақыланушылар;​

- тұрғылықты жеріне оралатын транзиттік жолаушылар;​

- Сондай-ақ кәсіптік қызметі тұрақты жүріп-тұрумен байланысты адамдар растаушы құжаты (жұмыс орнынан мөрі бар үлгідегі анықтама, мемлекеттік тіркеу туралы куәлік) бар болған жағдайда бекеттен өте алады.

Қаулы 2020 жылғы 15 қарашада сағат 00.00-ден бастап күшіне енеді және ол ресми күші жойылғанға дейін қолданылады.

Айта кетейік, өткен тәулікте Қазақстанда тағы 588 адамнан коронавирус анықталған. Олардың 197-і осы Шығыс Қазақстан облысынан.

Жалпы ШҚО коронавирустың таралу қарқыны бойынша "қызыл аймаққа" енген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1884771-sygys-kazakstan-oblysynda-tagy-bir-kala-karantinge-zabyldy/