RU

"Жай тұмау деп жүріп, пневмония болуда": Ақтөбелік инфекционист өңірдегі эпиджағдайды айтты

Дәрігерлер сақтыққа шақырады
Фото: NUR.KZ

Ақтөбелік мамандар өңірдегі эпидемиологиялық жағдайды баяндады. Ақтөбе облысының бас инфекционист дәрігері Мейрамбек Құрманғазиннің сөзінше, өлім жағдайы қосалқы дерті бар жандар арасында тіркелуде деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Құрманғазиннің сөзінше, кей науқастардың арасында дене қызуы жоқ. Жай тұмау деп жүріп, 2-3 күннің ішінде пневмония болып жатқан тұрғындар да бар екен.

"Қазір бұрынғыдай тек жоғары тыныс жолдары ғана зақымданып жатқан жоқ. Ағзаларында қосалқы аурулары бар адамдарға да қиын. Қант диабеті бар адамдар диетаны бұзбаса да, ауруы себепсіз белгі беріп жатыр. Қан қысымы ауруымен есепте тұрған адамардың арасында да осындай жағдай. Ауру әркімде әртүрлі. Аурудың негізгі белгілері бұрынғыдай сақталып тұр.

Бірақ "жөтел жоқ, дене қызуым қалыпты, тұмау сияқты ауырдым" деп алданып қалып жатқан жағдай бар. Үш күннің ішінде ол бәрібір жөтелге алып келеді", - дейді инфекционист дәрігер.

Осы орайда маман қандай жағдай болмасын науқас дәрігер шақыру керектігін еске салды. Себебі қатты ауырып қалып жатқандардың дені егде жастағы адамдар. Олардың барлығының қосалқы аурулары сыр берген және өлім жағдайы да осындай кісілердің арасында тіркеліп жатыр.

"Немқұрайлық танытпай, сақтықты ескеру керек", - дейді Мейрамбек Құрманғазин.

Қазір Ақтөбеде күніге 1000-1200 адамнан тест алынады. Олардың дені шекарадан өтетіндер мен вахталық әдіспен жұмысқа баратындар. Облыста ПТР-тесттен өту үшін төрт зертхана жұмыс істеп тұр. Оның біреуі мемлекеттік болса, қалғандары жеке. Облыста тағы бір жеке зертхананың ашылуына қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары өңірде тағы да тест орталығының ашылатынын хабарлады.

"Облыстың қазір тәулігіне 1900 адамнан тест алу мүмкіндігі бар. Жақында жылжымалы ПТР-тест аппараты бар автокөлік келді. Оны шекара қызметіне пайдалануды қарастырамыз. 6 қазаннан бастап бүгінгі күнге дейін 20 мыңнан аса адам шекарадан өтті. Соның ішінде анықтамасы жоқ 2 мыңнан аса адам карантинге алынды. Олардың барлығынан тест алынды. Тест қорытындысы оң нәтиже көрсеткен жолаушылар инфекциялық ауруханаға, теріс нәтиже шыққан жолаушылар үй карантиніне жіберіледі", - дейді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Нұржауған Қалауов.

Қалауовтың сөзінше, облыстағы эпидемиологиялық жағдай қалыпты. Ауру көрсеткіші бойынша жасыл аймақта тұр. Шенеунік облыста қандай жағдайда блок-бекеттер қойылатынын да түсіндірді.

"Бүгінгі күні шектеу шараларын Қарғалы ауданына қарасты Әлімбет шекара бекетіне енгіздік. Ол жерде барлық көліктер ауылдың ортасымен өтеді. Қауіп-қатер бар. Онда 10 қазан күні шектеу енгізілді. Ауылдағы алты дүкен азық-түлікті тек терезеден сатады. Артық қозғалыс жоқ. Техникаларды тоқтатпаймыз.
Аудандық жерде аурушаңдық өсіп, бір күнде оннан аса науқас тіркелсе, біртіндеп шектеу шаралары енгізіледі. Облыс ауру көрсеткіші бойынша жасыл белдеуде. Блок-бекеттер эпидемиалогиялық жағдайға байланысты қойылады. Сарыға түскен жағдайда ғана біз блок-бекеттер қою мәселесін қарастырамыз", - дейді Нұржауған Қалауов.

Қазір облыс ауруханаларында 50 науқас ем алып жатыр. Олардың 18-і ауылдық жерде. Мамандар мәліметінше, ауруханаға түскен науқастардың 90 пайызы зейнет жасындағы адамдар.

Еске сала кетсек, елімізде өткен тәулікте 588 адамнан коронавирус анықталды. Соның жеті жағдайы Ақтөбе облысында тіркелген.

Айта кетсек, 15 қарашада 630 қазақстандықтың коронавирус жұқтырып алғаны белгілі болған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1884783-zaj-tmau-dep-zrip-pnevmonia-boluda-aktbelik-infekcionist-irdegi-epidzagdajdy-ajtty/