RU

Түркістанда карантинге қарамастан көкпар ұйымдастырғандар жазаланды

Көкпар
Фото: turkistan_polisia

Түркістан облысының полицейлері кезекті көкпар ұйымдастырушыларды жауапқа тартты деп хабарлайды өңірдің полиция департаменті.

Тұрғындардың карантин талаптарын сақтауының алдын алу бойынша рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде жүргізілуде. Осындай кезекті шара барысында Бәйдібек ауданының полицейлері карантиндік режим мен санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды бұзған тұрғындарды анықтады.

Бөген ауылдық округіндегі еркін жайылымдардың бірінде Бәйдібек АПБ қызметкерлері жергілікті тұрғынның ас беру құрметіне ұйымдастырылған "көкпар" ұлттық ойынын өткізуді тоқтатты.

Тәртіп сақшылары іс-шараға қатысушыларға карантин талаптарына жол бермеу туралы түсіндіру әңгімелерін өткізді. Сондай-ақ шектеу шараларын бұза отырып, 100-ге жуық адамды жинаған көкпар ұйымдастырушыларын жауапқа тартты.

Іс-шараны ұйымдастырушыларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы "Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу" бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Жиналған материалдар тиісті заңды шешім қабылдау үшін құзыретті органдарға жіберілді.

Естеріңізге сала кетейік, Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес Түркістан облысының аумағында халық арасында коронавирустинфекциясының таралуының алдын алуға және жолын кесуге бағытталған карантиндік режим енгізілген.

Облыста санитарлық-эпидемиологиялық нормалар талаптарын бұзушыларды анықтау бойынша күнделікті профилактикалық және рейдтік іс-шаралар жүргізетін полиция қызметкерлерінен, СЭС және жергілікті атқарушы органдар өкілдерінен тұратын мобильді топтар құрылды.

Айта кетейік, елімізде өткен тәулікте 588 адамнан коронавирус инфециясы анықталды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1884895-trkistanda-karantinge-karamastan-kkpar-jymdastyrgandar-zazalandy/