RU

Бар мүлкі тәркіленеді: Ертаев 11 жылға бас бостандығынан айырылды

Жомарт Ертаев. Фотопортрет
Жомарт Ертаев. Фото: ТОО "Алма ТВ"

Жомарт Ертаев 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұрынғы банкир Bank RBK иелігіндегі 144 млрд теңгені ұрлау ісінде кінәлі деп танылды. Оның мүлкі де тәркіленетін болды.

Аталған қылмыс үшін мемлекеттік айыптау 11 жыл абақтыға қамау жазасын сұрады.

Банкир өз кінәсін мойындап, жәбірленушілерден кешірім сұрады. Соңғы сөзінде ол "Құдай өзіне ақыл бергенін, алайда кей уақытта ардан аттағанын" мәлімдеді. Сондай-ақ, Ертаев бостандыққа шыққан соң "Ешқашан өзгенікін алма" және "Нағыз бақыт деген не" тақырыбында кітап жазатынын айтты.

Бұл іс бойынша тағы 36 адам күдікке ілініп отыр.

Экс-банкир тағы бір қылмыстық іс бойынша айыпталып жатыр. Ол басқа біреудің мүлкін алдау немесе сенімге қиянат жасау арқылы аса үлкен мөлшерде ұрлауды ұйымдастырды деген айып тағылған. Зардап шеккендер ретінде Bank RBK, "Dsfk арнайы қаржы компаниясы" ЖШС, Qazaq Banki және Еуразиялық банк танылды.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін оңтүстік астанада бұрынғы қазақстандық банкир Жомарт Ертаев басты күдікті ретінде қаралып жатқан қылмыстық іске қатысты сот басталғанын хабарлағанбыз.

Ол ірі көлемде қаржы жымқырды деп күдіктелді. Бас прокуратураның баспасөз қызметінде хабарланғандай, Жомарт Ертаевқа Қылмыстық кодекстің 189-бабы 3-бөлімі 1-тармағы (Қызметтік жағдайын пайдаланып, тұлғалар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иелену және ысырап ету арқылы жымқыру) бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік тағылуда.

Алматыда мекемеаралық жедел-тергеу тобы экс-банкир әрі "Алма-ТВ" ЖШС-нің бас директоры Жомарт Ертаевты құрықтамақ болған. Алайда, Ертаев дер кезінде ізін суытқан.

2018 жылы мамыр айында банкирді ресейлік құзырлы орған өкілдері тұтқындаған болатын. Бірақ алаяқтық жасады деп айыпталып жатқан Ертаевты кейінірек босатып жіберген.

Кейінірек Қазақстанның Бас прокуратура қызметкерлері қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін Ресей Федерациясынан Жомарт Ертаевты экстрадициялады.

Алдыңғы сот отырысында Жомарт Ертаев өз кінәсін толық мойындады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1884910-zomart-ertaev-mlkin-trkileumen-11-zylga-bas-bostandygynan-ajyryldy/