RU

Атырау әкімдігі неге 20 млн теңгеге көлік сатып алып жатқанын түсіндірді

Жол талғамайтын көлік
Көрнекі фото: pexels.com

Атырау әкімдігі сомасы шамамен 20 млн теңгені құрайтын жол талғамайтын көліктерді неге сатып алып жатқанын түсіндірді деп хабарлайды "Ақ Жайық" басылымы.

"Бұл көліктер Атырау жедел штабындағы жедел топтардың дайындық деңгейін арттыру үшін сатып алынды. Оларды сатып алуға облыстық мәслихаттың тиісті шешімімен қаражат бөлінді. Бюджеттік өтінімге қозғалтқыш көлемі 1999 текше сантиметр болатын базалық жинақталымдағы Қазақстанда шығарылған KIA Sportage маркалы 2 көлікті сатып алуға баға ұсыныстары енгізілді", -деді облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Әкімдіктегілер өтінім беру кезінде Атырау облыстық әкімдігі үкіметтің базалық жинақталымнан жоғары жабдықталған және қозғалтқышы көлемі 2000 текше сантиметрден асатын, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше емес мемлекеттерде шығарылған көліктерді сатып алуға үш жылға тыйым салу туралы үкімет шешімін ескерді деп сендіреді. Небәрі 9 сағатқа созылған тендердің жеңімпазы "Азия Авто" АҚ болған.

Еске салайық, осыған дейін Мемлекеттік сатып алу сайтында Атырау облысы әкімдігінің екі автокөлік сатып алатыны туралы хабарландыру жарияланған еді. Жалпы сомасы шамамен 20 миллион теңгені құрайды.

Сайтта жарияланған хабарландыруда сатып алуды ұйымдастырушы Атырау облысы әкімі аппаратының басшысы Болат Ысқақов екені көрсетілген.

Талаптарға сәйкес, бұл автоматты беріліс қорабы және қозғалтқышының көлемі 3000 текше метрден аспайтын екі жол талғамайтын көлік болуы керек. Олардың әрқайсысының құны 9 миллион теңгеден асады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1885027-atyrau-kimdigi-nege-20-mln-tegege-klik-satyp-alyp-zatkanyn-tsindirdi/