RU

Елордада фельдшерлер мен жедел жәрдем жүргізушілері үстемақы ала алмай жүр

Дәрігер
Көрнекі сурет: РИА Новости

Нұр-Сұлтанда фельдшерлер мен жедел жәрдем көлігінің жүргізушілері үстемақысын әлі күнге дейін ала алмай жүр. Айтуларынша, қыркүйек пен қазан айлары үшін 8 жарым миллион теңгені басшылық түрлі сылтаулармен төлемей отыр деп хабарлайды КТК арнасы.

Екі айдан бері өз ақшаларын даулап жүрген қалалық теміржол ауруханасының жедел жәрдем қызметкерлері шыдамы таусылғандарын айтуда. Күн-түн демей еңбектенген ақ халаттылар өздеріне тиесілі үстемақыны уақытылы ала алмай жүргендерін жасырмайды. Құр уәдемен тойдырып келе жатқан басшылыққа наразы қызметкерлер жанайқайын жеткізді.

"Күтіңдер. Әзірге бізде ақша жоқ. Бюджетте, ақша жоқ, мында ақша жоқ дейді. Енді менің түсінбейтінім, басқа емханалар қалада алады. Мысалға, 14 емхана болсын, 10-шы емхана болсын, олардың барлығы алған. Енді біз бухгалтерияға өзіміздің ақшамызды алайық деп барсақ, олар бізге нақты жауап қайтармайды. Қалай сонда, біз өзіміздің ақшамызды өзіміз ала алмаймыз. Әлде қалада бақылау жоқ па? Үстеме беріп жатса 400-500 мыңнан соны қарайтын комиссиялар жоқ па, мен соны түсінбедім", - деп күйінді фельдшер Шыңғыс Тайшықарин.

Төлемдердің кешіктірілу себептерін білу үшін есеп бөліміне жұмыс уақытында бас сұққан тілшілер есіктің құлыптаулы болғанын айтуда. Ақыры бірталай уақыт өткеннен кейін есікті ашуды ұйғарған қызметкерлер мән-жайды түсіндіріп беруге тырысқан. Телерана тілшілерінің айтуынша, бас дәрігер орнында жоқ болып шықса, бухгалтерлер ішкі есікті ашпай қойыпты. Ал орынбасары сегіз жарым минллион теңгедей үстемақының екі ай бойы кешіктірілу себебін өзінше түсіндіруге тырысты.

"Мәліметтер ағынын орталықтандыруға келгенде бірқатар қиындықтар бар. Салдарынан қыркүйек айы үшін жұмыс істеген жедел жәрдем бригадаларының табелін емхана тарапы дұрыс бермеді. Ол деректерді тек қазанда алдық. Оны өңдеп, үстемақыға қайтадан өтінім жібердік. Ақша түсті. Міне, осы қараша айында береміз", - дейді Орталық темір жол ауруханасы директорының орынбасары Николай Ким.

Еске салсақ, бұған дейін біз Атырауда COVID-19 жұқтырған дәрігерлер өтемақы түгіл тоқсандық сыйақыларын ала алмай жүргенін жазған едік. Жауаптылардың уәдесін күтіп шаршаған ақ халаттылар ақпарат құралдарынан көмек сұраған.

Одан бөлек, Жамбыл облысында өздеріне тиесілі еңбекақыны ала алмай жүрген мейірбикелер жанайқайын айтқанын жазған болатынбыз. Денсаулық сақтау басқармасы да жағдайды біле тұра, әрекетсіз көрінеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1885038-elordada-feldserler-men-zedel-zrdem-zrgizusileri-stemakylaryn-ala-almaj-zr/