RU

"Тозақ мекен": Батпаққа белшесінен батқан шымкенттіктер жанайқайын жеткізді

Жедел жәрдем
Скриншот: КТК

Шымкенттегі Азат ықшамауданының тұрғындары "тозақта тұрып жатырмыз" деп шағымданды. Айтуларынша, су құбырын жүргізген компания көшелердің ойқы-шойқысын шығарып тастап кеткен. Соның салдарынан, ішкі жолдарда көліктер батып, тіпті жедел-жәрдемге дейін балшықта тұралауда деп хабарлайды КТК арнасы.

Жаңбыр сәл жауса батпаққа айналатын аудандағы көшелердің бүгінде атауы да жоқ екен. Сол себепті, оқыс оқиға болған күндері полиция мен жедел жәрдем көшені таппай дал болып жатады.

Көпшілік "тозақ орны" деп атап кеткен Азат ықшамауданында қазір мыңдаған баспана бар. Талай рет шағымданғаннан кейін ғана ел қатарлы газ, жарық пен су енді жүргізілгенін айтқан тұрғындар құбыр жүргізгендер көшені талқандап тастағанына ренжулі.

Олар батпақ көшеде жай көлік түгілі, жедел-жәрдем көлігі де батып жататынын айтуда.

"Жаңбырлатып балам мектепке барды. Түсте мектептен келе жатыр, аяқ киімінің біреуін ұстап келді үйге. Аяқ киімі ашылып кеткен. Табанын жұлып алған мына лай. Жүруге мүмкін емес, мынау тозақ!", - дейді Шымкент қаласының тұрғыны Сәуле Кенжебай.

Тұрғындар жаңбырлы күндері көлігіңді көшеге бір түнге қалдырсаң, таңертең балшықтан аршып алуға тура келеді дейді. Шенеуніктерден еш көмек болмағасын тұрғындар әр үйден 10-15 мыңнан ақша жинап, көшелерге тас төсеген екен.

Алайда құбыр жүргізгенде оның да күл-талқанын шығарған. Одан бөлек, көшелер мен үйлердің не атауы, не нөмірі жоқтығына күйінген, қалалықтар жедел жәрдем балшықтан өтсе де шақырған науқасты таппай тентіреп жүретінін айтуда.

"Мысалы Ақ дала көшесіне 3 жедел-жәрдем келетін болса 3 адам 3 басына шығып тұрады көшенің. Тек қана бір-ақ мекен-жай бар бізде Ақ дала. Бұл көшеде әрқайсында аты жоқ, үйдің нөмірі жоқ, ешқайсының. Көше берілмеген бізге. Ақдала көшесіне шығамыз, ол шығып болам дегенше үйдегі ауру адам не болады?", - дейді Шымкент қаласының тұрғыны Гүлшат Оралқызы.

Шенеуніктер болса, басты мәселе көшелерге атау беру емес, инфрақұрылымды жүргізу болғанын алға тартып, жұмысты аяқтап жатқанына сендірді.

Айтуларынша, су, газ жүргізетін компаниялармен келіскенде құбыр тасталған соң олар тас төсеуі керек болған. Уәдесін ұмытқан компанияларға жолды міндеттеп төсетіп жатқанын айтқан шенеуніктер бірер күннен қалмай жолды да жөндетіп беретінін алға тартты.

"Грейдер кіретін көшелерге жаңағы көшенің лай бетін толығымен грейдермен сырып алып тастадық. Енді шағал төсеу жұмыстары толық атқарылып жатыр. Және үстінен тегістеледі көшелердің барлығы. Стандартқа сай қалпына келдтіріледі. 1-2 күн ішінде бітеді", - дейді Қаратау ауданы әкімінің орынбасары Азамат Парманов.

Құзырлы мекеме кей көшеге бюджеттің емес, кәсіпкерлердің есебінен шағал тас төсеп жатқанын айтуда.

Еске салсақ, бұған дейін біз елордада фельдшерлер мен жедел жәрдем жүргізушілері үстемақы ала алмай жүргенін жазған едік.

Одан бөлек, Маңғыстауда марқұмның кесенесіне байғазы бергендер елді таң қалдырғанын жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1885051-tozak-meken-batpakka-belsesinen-batkan-symkenttikter-zanajkajyn-zetkizdi/