RU

Павлодар облысының бас санитар дәрігері Тоқаевтың сынына жауап берді

Батырбек Әлиев
Батырбек Әлиев: Павлодар облысы ТКҚСҚБД

Павлодар облысының бас санитар дәрігері Батырбек Әлиев өңірде COVID-19 жұқтыру дерегін жасыру жағдайы болмағанын айтты. Қазан айында зертханалық зерттеулер мен санитарлық қызметтердің деректері арасында 50 сәйкессіздік болған. Бүгінгі күні бұл жұмыс бір жүйеге келтіріліп, деректер жалпы статистикаға қосылған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Батырбек Әлиевтің сөзінше, зертханалар нәтижені бірнеше күн дайындайды. Ал санитарлық қызмет жұмысқа бірден кірісіп, эпидемиологиялық тергеу, байланысқандар ортасын анықтап, өңдеуді жүзеге асырады.

Бұл статистикадағы сәйкессіздіктің пайда болуына себеп болған.

"Сәйкессіздіктер болды, бұл шамамен 50 жағдай, қазір олардың барлығы жалпы статистикада есепке алынған. Бүгінгі күні коронавирус инфекциясын есепке алу мен тіркеу жолға қойылды деп айта аламын.

Біз зертханалармен күнделікті мониторинг жүргізген кезде, олардың деректері мен шұғыл шақыртулар салыстырылады. Сол себепті бізде жасыру фактілері жоқ", - дейді Павлодар облысының бас санитар дәрігері Батырбек Әлиев.

Еске сала кетсек, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар облыстарда коронавирус індетіне қатысты жаңа жағдайларды жасыру деректері анықталғанын айтқан еді.

Президент сөз еткен өңірлер қатарында Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан,  Павлодар, Ақмола,  Қостанай және басқа да облыстар бар.

Айта кетейік, Қазақстанда өткен тәулікте 602 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Соның ішіндегі 50 жағдай Павлодар облысында тіркелген. Өңірде пандемия басталғалы бері 5083 адамға коронавирус диагнозы қойылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1885075-pavlodar-oblysyny-bas-sanitar-drigeri-tokaevty-synyna-zauap-berdi/