RU

Алматыда жалған АҚШ долларын өткізген тұрғын ұсталды

теңге
Көрнекі фото: NUR.KZ

Алматыда жалған шетел валютасын сату әрекеті тоқтатылды. Мегаполис тұрғыны қамауға алынды деп хабарлайды Қазақстан Республикасы қаржы министрлігі қаржы мониторингі комитетінің ресми Telegram арнасы.

Ведомство таратқан ақпаратқа сәйкес, комитеттің Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеу департаменті Алматы тұрғынына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

Ол 100 АҚШ доллары номиналындағы жалпы сомасы 293 200 АҚШ долларын құрайтын 2 932 дана жалған шетел валютасын бірнеше рет өткізу фактісі бойынша күдіктелуде.

Сонымен қатар күдіктіден 600 000 АҚШ доллары табылған. Болжам бойынша тұрғын оны өткізу үшін сақтаған.

Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сот санкциясымен қамауға алу бұлтартпау шарасы қабылданған.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Қазақстан азаматы АҚШ-та 50 миллион долларлық контрабанда жасады деген айыппен қамауға алынғаны туралы хабарлаған едік. Ол 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Қазақстандық, ресейлік және үш америкалық азаматтың Ресейге құны 50 миллион доллардан асатын электрониканы заңсыз әкелген деген айыппен ұсталғаны туралы ТАСС агенттігі Нью-Йорктің Шығыс округі бойынша прокуратурасының арызына сілтеме жасап мәлімдеді.

Басылым атап өткендей, егер ұсталғандардың кінәсі дәлелденсе, оларға ауыр жаза тағайындалады. Мәселен, тиісті экспорттық декларациясыз тауарларды тасымалдаудың әрбір жағдайына АҚШ-та бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы ал контрабанда жасағандарға 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Сонымен қатар 5 мың теңгенің жалған көшірмесін жасатып, ауылдастарын алдап келгендердің әшкере болғанын жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1885087-almatyda-zalgan-aks-dollaryn-tkizgen-trgyn-staldy/