RU

Бүгін әлемді өзгерткен COVID-19-дың таралғанына 1 жыл

Коронавирус
Көрнекі фото: pixabay.com

Бүгін, 17 қарашада COVID-19 жұқтырудың алғашқы дерегі тіркелгеніне тура бір жыл болды. South China Morning Post жазуынша, ең алғаш ауырған адам желтоқсанда емес қараша айында тіркелген.

2019 жылдың 17 қарашасында Қытайда COVID-19 жұқтырудың алғашқы дерегі тіркелді. Үкімет ақпаратына сүйенсек, коронавируспен ауырған алғашқы адам Хубэй аймағының 55 жастағы тұрғыны болған.

Осы күннен бастап күніне бірден беске дейін коронавирус жұқтырудың жаңа деректері тіркеліп отырған. 15 желтоқсанға қарай инфекция жұқтырғандардың жалпы саны 27 адамды құраған. 20 желтоқсанда 60 адам тіркелген.

Медициналық қауымдастықтың ақпарат берушілерімен болған сұхбат қытайлық дәрігерлер жаңа аурумен бетпе-бет келгенін желтоқсанның соңында ғана түсінгенін көрсеткен.

Ал бүгін, бір жыл өткен соң жаңа типті коронавирусты жер бетіндегі 55 021 938 адам жұқтырып үлгерген. Сондай-ақ 1 327 228 науқас COVID-19 құрбанына айналған.

Еске сала кетейік, қазіргі уақытта Еуропа елдерінде коронавирустың екінші толқыны басталды. Кәрі құрлықта індет кеңінен таралған елдің бірі Ұлыбританияда 5 қарашадан бастап карантин енгізілген болатын.

Сондай-ақ Польшада коронавирусты жұқтырғандардың саны артуына байланысты жаңа шектеулер енгізілді. Оған сәйкес елде барлық кинотеатр мен театрлар, мұражай, қоғамдық және музыкалық орталықтар жабылған.

Ал Грекияда 7 қарашадан бастап жалпыұлттық локдаун жарияланды.

Еліміздегі ахуалға келсек, коронавирус жұқтырған адамдар саны күн санап артуда. Мәселен, өткен тәулікте 602 қазақстандықтан COVID-19 анықталған. Осылайша пандемия басталғалы бері елде коронавирус жұқтырғандар жалпы саны 121 653-ке жетіп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1885127-bgin-lemdi-zgertken-covid-19-dy-taralganyna-1-zyl/