RU

"Қызыл" аймаққа енген ШҚО-дағы қазіргі эпидемиологиялық ахуал қандай

Фото
Көрнекі фото: pexels.com

Шығыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының өкілі Асқар Хорошаш COVID-19 індетінің таралуы бойынша "қызыл" аймаққа кірген өңірдегі қазіргі эпидемиологиялық жағдай туралы айтты деп жазады Sputnik Қазақстан.

Асқар Хорошаштың сөзінше, 3 118 инфекция ошағы мен науқаспен қарым-қатынас жасаған 6 908 адам бақылауға алынған.

Сондай-ақ коронавирустың таралу қаупін азайтып, қарым-қатынас жасаған адамдарды уақытында іздеу, сонымен қатар оларды оқшаулау үшін медициналық эпидемиологиялық бригадалар құрылған.

Одан бөлек, өңірде 40 жұқпалы аурулар ауруханасы, алты мыңнан астам төсек орын дайындалғаны белгілі болды.

"Жалпы алғанда, 696 науқас жұқпалы аурулар ауруханаларына жатқызылды, оның 76-сы ауыр, қалғандары орташа ауыр жағдайда. Карантиндік ауруханаларда 19 адам емделіп жатыр", - деді Асқар Хорошаш.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілі төсек-орын санын көбейту үшін Өскеменде 150 орынға арналған жаңа аурухана ашылатынын атап өтті. Медициналық мекемені жедел жәрдем ауруханасының базасында орналастыру да жоспарланып отыр екен. Себебі ол жерде күрделі жөндеу жүргізілген.

Сонымен бірге Хорошаш пандемия кезеңінде өңірде 1,4 мыңнан астам медицина қызметкері коронавирус жұқтырғанын жеткізді. Маманның сөзінше, олардың сегізі көз жұмған.

Қазір Шығыс Қазақстан облысында коронавируспен 533 дәрігер және 1,5 мыңға жуық орта медициналық қызметкер күресіп жатыр.

"ШҚО ауруханаларының қорында жарты миллионнан астам дәрі-дәрмек бар. 144 мыңнан астам ыстық түсіретін, 65 мың вирусқа қарсы дәрі, сондай-ақ 300 мыңнан астам антибиотик жеткізілді. Сонымен қатар жапон ғалымдары ойлап тапқан "Фавипиравир" препараты әкелінді, ол қазірдің өзінде көптеген елде қолданылады", - дейді Хорошаш.

Оның мәліметінше, бұл қор ауруханалардағы төсек-орын толған жағдайда бір айға жетеді екен.   

Айта кетейік, сoronavirus2020.kz сайты ұсынған мәліметке сәйкес, пандемия басталғалы бері облыста коронавирус инфекциясын 13 705 адам жұқтырған.

Еске сала кетсек, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысының "қызыл" аймаққа енгенін хабарлаған едік.

15 қарашадан бастап облыс аумағындағы Алтай қаласы да карантинге жабылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1885134-kyzyl-ajmakka-engen-sko-dagy-kazirgi-epidemiologialyk-ahual-kandaj/