RU

Некелескендеріне 63 жыл болған ерлі-зайыптылар бір күнде коронавирустан көз жұмды

Қария
Көрнекі фото: pexels.com

63 жыл бірге өмір сүрген италиялық ерлі-зайыптылар коронавирустың салдарынан бір күнде қайтыс болды деп хабарлайды РИА Новости.

Винченцо мен Ольга Молино Миланға жақын жердегі Сесто Сан-Джованни қалашығында тұрған. Олар 18 жасында елдің оңтүстігіндегі Апулияда танысып, 1957 жылы Миланға көшкен.

Басылым мәліметінше, Молиноның алты немересінің бірі қыркүйек айының соңында ерлі-зайыптылар отау құрғандарына 63 жыл толғанын атап өткен.

Оның сөзінше, 82 және 83 жастағы зейнеткерлер он күндей ауырған. Қарттар 11 қараша күні Монцадағы ауруханаға түскен. Өткен жексенбіде зейнеткерлер араға бір сағат салып өмірден өткен.

Еске сала кетсек, Италияда ерлі-зайыптылардан коронавирустан бір күнде көз жұмғаны алғашқы жағдай емес.

Мәселен Бергамо провинциясында орналасқан Альбино қаласының 86 жастағы тұрғыны Луиджи Каррара мен 82 жастағы Севера Белотти де індеттінің салдарынан бір күнде қайтыс болған еді.

Сонымен қатар Шотландияның Данфермлин қаласында отасқандарына 57 жыл толған ерлі-зайыптылар Уильям Шапр мен Морин да бір күнде коронавирустан көз жұмған болатын.

Қартайған шақтарында қарт кісілердің екеуі де созылмалы өкпе ауруымен ауырған. Уильямда қатерлі ісік, ал Моринда созылмалы обструктивті өкпе ауруының жеңіл түрі болған екен.

Сәуірдің басында жұбайы мен Уильямда ұқсас ауру белгілері пайда болып, олар ауруханаға түседі. Кейін екеуінен де коронавирус инфекциясы анықталған.

Бұл жағдайдан соң үш күннен кейін Морин, ал содан бір тәулікке жетпес уақыт өткен соң Уильям да дүние салған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1885215-nekeleskenderine-63-zyl-bolgan-erli-zajyptylar-bir-knde-koronavirustan-kz-zmdy/