RU

Берік Уәли Бозжыраға қатысты президент тапсырмасын толығырақ түсіндіріп берді

Жартас
Фото: Лада

Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли Маңғыстау облысының Бозжыра қорығы аумағында қонақүй құрылысы жобасын қайта қарау туралы президент тапсырмасын түсіндіріп берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Бұл туралы Берік Уәли Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

"Кеше Facebook әлеуметтік желісінде президенттің Бозжыра қорығы аумағында салынатын қонақ үйдің құрылысын қайта қарауды тапсырғаны жайында жазып едік. Аталған жазба ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, түрлі сұрақтар қойылып жатыр. Сондықтан осы мәселеге тағы бір мәрте оралып, қосымша түсініктеме бергенді жөн деп таптық.

Маңғыстау облысында туризмді дамыту – үкіметке жүктелген маңызды міндеттердің бірі. Бүгінде бұл бағытта жұмыстар басталып кетті. Бес жұлдызды қонақ үй салынып, жайлы мейманханалардың тұтас желісін құру жоспарланып отыр.

Мұндай жүйелі жұмыстар аймақтың туристік тартымдылығын арттыратыны сөзсіз. Жақында Бозжыра табиғи қорығының жанынан қонақ үй салу жобасы ұсынылды. Өкінішке қарай, қазіргі кезде қорықтың айналасындағы туризм табиғатты қорғау шараларын сақтамай, бейберекет дамып жатыр. Бұл осы ерекше табиғат қорағына орасан зиянын тигізуде.

Президент экологиялық туризмді өркениетті жолмен дамытуды қолдайды. Ол үшін қажетті инфрақұрылым, ең алдымен, жайлы қонақүйлер қажет. Сондықтан мемлекет басшысы үкіметке қонақ үй салу жобасын қайта қарауды тапсырды.
Бірақ, бұл жоба осымен тоқтайды дегенді білдірмейді. Қоғамдық кеңестердің, эколог сарапшылардың және мемлекеттік ведомстволардың ой-пікірлері ескеріле отырып, қонақ үй салуға арналған басқа ыңғайлы жер таңдалады", - деді ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Бозжыра шатқалында қонақ үй салу жобасын қайта қарауды тапсырған болатын.

Одан бөлек, Бозжыра шатқалына ат басын бұрған америкалық саяхатшыларды ерекше құбылыс таңғалдырғанын жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1885233-berik-uli-bozzyraga-katysty-prezident-tapsyrmasyn-tolygyrak-tsindirip-berdi/