RU

Мектептердегі дезинфекциялық құралдардың химиялық күйік тудыратыны рас па

Мектеп
Көрнекі фото: zakon.kz

Әлеуметтік желі беттерінде кезекті жалған ақпарат тарады. Бұл жолы ата-аналар мектепке барған балаларында қатты жөтел пайда болғанын айтуда деп жазады stopfake.kz.

Желіде тараған видеода бірнеше әйелдің What’sApp мессенджері арқылы хат алмасқаны көрінеді. Олардың сөзінше, балаларда қатты жөтел басталған. Ролик авторының пайымдауынша, бұған жоғарғы тыныс алу жолдарының химиялық күйік шалуы себеп болған.

Басылымның жазуынша, Қазақстанда мектептерді, ауруханаларды, адамдар көп жиналатын орындарды және өзге де орындарды дезинфекциялау үшін уытты және денсаулыққа қауіпті заттар пайдаланылмайды. Бұл туралы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті мәлім еткен.

Елімізде қолданылатын барлық құралдар сертификатталған, тізілімге енгізілген және санитарлық өңдеуге арналған ерітінділерді дайындау пропорциялары көрсетілген нақты нұсқаулары бар.

Сонымен бірге басылым тыныс алу жолдарының күйіп қалу белгілері құрғақ жөтелге қарағанда әлдеқайда ауыр екенін атап өтті. Жоғарғы тыныс алу жолдарының химиялық күйігі, әдетте, обструкцияға әкелетін тез ісінумен қатар жүреді. Бұл ретте зардап шеккендер жедел кеңірдек интубациясына мұқтаж болады.

Сондай-ақ еріннің күлбіреуі, мұрын мен беттегі түктің күюі де тыныс алу жолдарын химиялық күйік шалудың белгілері болуы мүмкін. Төменгі тыныс алу жолдарын күйік шалса, бірден тыныс алу жеткіліксіздігі, жөтел және қанмен түкіру сияқты белгілер пайда болады болады. Сонымен қатар иіс тиіп немесе басқа газдан уланудың алғашқы белгілері байқалады.

Видеода әйелдердің бірі ұлында "химиялық күйік" белгілерін жеңілдеткен "Зодак" препаратын атап өткен. Сайт шын мәнінде, бұл препарат химиялық немесе термиялық күйіктері бар науқастардың ауырсынуын жеңілдете алмайтынын хабарлады.

Басылымның жазуынша, ол антигистаминдер тобына жатады және аллергиялық ринит, конъюнктивит және идиопатиялық есекжем белгілерін тоқтату үшін қолданылады.

Еске сала кетсек, бұған дейін көшеде маскасыз жүргендерді суретке түсіріп, айыппұл салады деген жалған ақпарат және көпбалалы аналардың жәрдемақысына қатысты қауесет тараған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1885247-mektepterdegi-dezinfekcialyk-kraldardy-himialyk-kjik-tudyratyny-ras-pa/