RU

Алматы әлемдегі ең арзан қала ретінде бесінші орынға жайғасты

Алматы
Фото: Максим Золотухин

The Economist Intelligence Unit (EIU) әлем елдеріндегі өмір сүру деңгейін зерттей келе, ең арзан әрі ең қымбат әлем қалаларының тізімін жасады. Алматы аталмыш тізімде ең арзан мегаполистердің қатарынан табылған.

"2020 жылы әлемдегі өмір сүру деңгейі: Covid-19 тұтыну бағаларына қалай әсер етуде?" деген тақырыппен жария болған EIU есебінде коронавирустың әлем елдерінің 130 қаласындағы тұрғындардың өміріне қалай әсер еткені талданған.

Дәл былтырғы жылдағыдай, Гонконг, Париж бен Цюрих қалалары өмір сүру үшін әлемдегі ең қымбат қаланың көшін бастап отыр.

Сингапур бұл тізімде төртінші орыннан көрінсе, бесінші орынды Осака мен Тель-Авив бөліскен.

Биылғы есепте рейтингке шолу жасаумен қатар, Covid-19 дертінің тұтыну бағасына әсері де зерттелген. Рейтингте тауарлар мен қызметтердің, оның ішінде азық-түліктің, сусындардың, киім-кешек пен тұрмыстық тауарлардың бағалары қарастырылды.

Зерттеушілер қымбат қалалардан өзге ең арзан қалаларды да анықтаған. Бұл рейтингте көшті Дамаск қаласы бастады.

Одан кейінгі орындарды Өзбекстанның Ташкент қаласы, Замбияның Лусака қаласы мен Венесуэланың астанасы Каракас иеленген. Ал Алматы ең арзан қалалар тізімінде бесінші орынға жайғасты.

Еске салсақ, бұған дейін біз Қазақстанда COVID-19 салдарынан жаңа шаралар қабылданатынын жазған едік.

Одан бөлек, "қызыл" аймаққа енген ШҚО-дағы қазіргі эпидемиологиялық жағдай туралы жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1885263-almaty-lemdegi-e-arzan-kala-retinde-besinsi-orynga-zajgasty/