Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Сұлу бол":Талдықорғанда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған салон ашылды

Опубликовано:

Талдықорғанда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған салон ашылды
Фото: Эльмира Балтықованың жеке мұрағатынан

Талдықорған қаласында 200 мыңға жуық адам тұрса, соның ішінде 5 мыңға жуығы – 1, 2, 3 топтағы мүгедек жандар. Әдетте сұлулық салонына барғанда, олар өз ойын толық жеткізе алмай, қиналады. Талдықорған қаласының тұрғыны Эльмира Балтықова Zhas Project жобасының арқасында мүгедектігі бар жандарға арналған ерекше сән салонын ашуға бел буған екен.

Туғанынан есту қабілеті төмен болғандықтан, Эльмира жақындарымен тек ымдап қана сөйлеседі. Арнайы интернатта білім алған. Алайда, талапты жанды тағдыр да жасыта алмайды. Жастардың осал топтарына қолдау көрсететін Zhas Project жобасына қатысқан ол кәсіпкерлікке бет бұрады.

Осылайша, Эльмира бала кезіндегі ізгі арманы – «Сұлу бол» сән салонын ашады. Әлеуметтік жобаның мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандарға сұлулық қызметтерін ұсыну.

"Жобаны бастаған кезде ғимарат іздеп, қиналдық. Бізге бірінші қабаттан және қоларбада отыратын жандардың кіріп-шығуына ыңғайлы болатын пандусы бар орынжай керек еді. Салонға қажетті жиһазды Алматыдан тапсырыс беріп, алдырттық. Басқа құрал-жабдықтарды елордадан жеткізуге тура келді", - дейді жас кәсіпкер.
Талдықорғанда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған салон ашылды
Фото: Эльмира Балтықованың жеке мұрағатынан

Жобаның тағы бір ерекшелігі – мүгедектігі бар жандарға арналған салонда ерекше қажеттілігі бар жандар жұмыс істейді. Эльмира қасына алған қыздармен жастайынан бірге өскен, колледжде бірге оқыған. Олар сол кезде-ақ маникюр, макияж, шаш үлгілерін жасауға қызығушылық танытқан.

Арнайы курстарды тәмамдап, жұмыс істеген. Ал енді Zhas Project жобасының арқасында қыздар бірлесіп салон ашып, жандарына жақын іспен айналысуда.

"Біздің командамызда бес қыз. Менімен санағанда төрт қыздың есту қабілеті төмен немесе есту қабілетінен айырылған, біреуі – декреттегі ана. Әрқайсысы өз мамандығының шебері. Мысалы, Айман мен Маржан маникюр жасау курсынан өтіп, жұмыс істеп жүрген қыздар, Дана шаш үлгілерін жасайды, шаш қияды, Гүлжан – декреттегі ана, макияж жасау шебері. Ал мен болсам, жобаның іске асырылуын қадағалап, айлық, қаржылық, қортынды есепті тапсырумен айналысамын", - дейді Эльмира.
Талдықорғанда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған салон ашылды
Фото: Эльмира Балтықованың жеке мұрағатынан

Бүгінде оның өмірі түбегейлі өзгерді. Тағдырдың салғанына көнбей, ілгері қадам басуына, талмай талпынуына өмірлік серігі Нұрболат та сүйеу болып келеді. Екеуі 2017 жылы елордада танысып, араға бір жыл салып, үйленіп, бір шаңырақ құрды.

"Жолдасым да 2017 жылы Zhas Project бағдарламасына өз жобасын ұсынып, 1 млн теңге мөлшерінде қайтарымсыз грант алған. Ол мүгедектігі бар қоларбада отыратын адамдарға арналған электр құрылғысын уақытша қолдануға берді. Электрлікжетек - кез келген қоларбаға жалғанып, оның жылдамдығын еш қиындықсыз сағатына 22 км дейін арттыруға мүмкіндік беретін құрылғы. Нұрболат түрлі конкурстарға қатысып, өз кәсібін Алматы және Түркістан облыстарында дамытып келеді. 2018 жылы Қазақстанның ең үздік әлеуметтік жобалары байқауында 2- орын алған", - деп бөлісті Эльмира.

Мүгедектігі бар жандарға арналған Талдықорғандағы сұлулық салонының қызметтері қазіргі таңда жақсы сұранысқа ие. Осылайша, мүмкіндігі шектеулі азаматтар жеке істерін ашып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын құрып, қала экономикасының дамуына өз үлесін қосып келеді. Жоба аяқталған соң да, қыздар осы бастамасын жалғастырмақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1885291-slu-boltaldykorganda-mmkindigi-sekteuli-zandarga-arnalgan-salon-asyldy/

pixel