RU

БҚО-да 140 млн теңге жымқырған кәсіпорын директоры ұсталды

Ақша
Көрнекі фото: Sputnik / Абзал Калиев

Батыс Қазақстан облысында бюджет қаражатын жымқырды және салық төлеуден жалтарды деген күдікпен кәсіпорындардың бірінің директоры ұсталды деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Өңірлік экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері Қылмыстық кодекстің 189 "Сеніп тапсырылған өзгенің мүлкін иелену және талан-таражға салу" және 245 "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерден жалтару" баптары бойынша қылмыс жасады деген күдікпен кәсіпорын басшысын ұстады.

"Ол мемлекеттік сатып алулардың қатысушысы бола отырып, "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысына бөлінген 143 миллион теңгеден астам (334,1 мың доллар) бюджет қаражатын жымқырған", - деп хабарлады қаржы министрлігі қаржы мониторингі комитетінің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, тергеу мәліметі бойынша, күдікті 2017-2018 жылдары салық төлеуден жалтарған. Салдарынан қарыз сомасы 1,5 миллиард теңгеден (3,5 миллион доллар) асқан.

Тергеу шаралары жалғасып жатыр.

Айта кетейік, БАҚ беттерінде Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Әлихан Қыраубаевқа тінту жүргізілді деген ақпарат пайда болды.

Тінту туралы ақпаратты Zakon.kz порталы өз дереккөздеріне сүйене отырып, жария етті. Қандай іс бойынша тергеу амалдары жүргізілгені әзірге белгісіз.

Маңғыстау облысы әкімдігі NUR.KZ тілшісіне аталған ақпаратты не растап, не жоққа шығарған жоқ. Ведомствоның мәліметінше, өңір басшысының бірінші орынбасары жұмыс орнында. "Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Әлихан Қыраубаевтың жұмыс орнында екенін және өз міндеттерін атқаруды жалғастырып жатқанын хабарлаймыз", - деді әкімнің баспасөз хатшысы Самат Сүлей.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1885292-bko-da-140-mln-tege-zymkyrgan-ksiporyn-direktory-staldy/