Жанболат Ағаділдің өлімі: Полиция қылмыстық іске қатысты ақпарат жариялады
Жарияланған күні:
Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті Жанболат Ағаділдің өлімі мен бұзақылық бойынша қылмыстық істі жүргізіп жатыр. Бұл іске байланысты үш адам қамауға алынып, тергеу жүргізілуде деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бұл туралы полиция департаменті тергеу басқармасының басшысы Гумар Шыныбеков брифингте мәлім етті.
"Үш күдікті, соның ішінде Ағаділге пышақ сұққан адамға қатысты қамауға алу санкциясы қолданылды. Айғақ заттар алынды, сараптама тағайындалды", - деді ол.
Шыныбеков қылмыстық істің мән-жайын айтып берді.
Оның сөзінше, 7 қараша күні сағат 23 шамасында Көктал шағын ауданында, кейін Талапкер ауылында жігіттер арасында жанжал туындаған. Текетіреске бойжеткен себеп болды, дейді тергеу басқармасының басшысы. 23.00 шамасында Ағаділовтың достарымен бірге бірнеше көлікпен Көкталға барғаны белгілі болды. Оларды бір топ жігіт күтіп тұрыпты.
"Төбелеске 5 адам қатысқан. Олардың біреуі жеңіл жарақат алды. Ал Ағаділовке пышақ сұғылды, жүрегіне зақым келді", - деді Шыныбеков.
Күдіктілер екі көлікке отырып, жасырынған. Бірнеше сағаттан кейін олардың аты-жөні анықталып, қамауға алынды, дейді ол.
Журналистердің сауалдарына жауап берген Шыныбеков күдікті мен Жанболат Ағаділ бір-бірімен таныс болмағанын жеткізді.
Іс қылмыстық кодекстің 99-бабы ("Кісі өлтіру") бойынша тергелуде. Күдікті 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы ықтимал.
Еске сала кетсек, 10 қарашада елордадағы Көктал шағын ауданында жаппай төбелес болып, пышақ жарақатынан 17 жастағы Жанболат Ағаділ көз жұмды.
Кейін оқиғаның кездейсоқ куәгеріне айналған Нұр-Сұлтан тұрғыны болған жайттың егжей-тегжейін айтып берген еді.
Сондай-ақ ішкі істер министрлігі тергеу департаментінің басшысы оқиғаның қалай болғанын баяндап, марқұмның өліміне күдіктілердің ұсталғанын хабарлады.
Санжар Әділовтің сөзінше, жанжал ЖШС жұмысшылары мен Талапкер елді мекенінің жастары арасында туындаған. Ауызша кикілжің төбелеске ұласқан. Оған Жанболат Ағаділ де қатысыпты.
Ал 13 қарашада қазақстандықтар Жанболат Ағаділді ақтық сапарға шығарып салды. Жерлеу рәсіміне күннің суықтығына қарамастан 200-ге жуық адам келген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1885378-zanbolat-agadil-limi-policia-kylmystyk-iske-katysty-akparat-zarialady/