RU

Қазақстандық компаниялар жаңа жылда ұжымдық кеш өткізуден бас тартты

Дастархан
Көрнекі фото: pexels.com

Коронавирус пандемиясына байланысты қазақстандық компаниялар ұжымдық кеш өткізуден бас тартты. Олар мерекені жақындарымен қарсы алмақ. Ереже бойынша банкеттерге тек 50 адам қатыса алатын болғандықтан, ірі компаниялар да ауқымды кеш өткізбейтін болды деп хабарлайды КТК.

Телеарна журналистері мейрамхана иелері мен жүргізушілер, музыкантар биыл дағдарысқа кезікті деп есептейді. Алайда, саяжайлар мен жекежай иелері пандемияда жақсы табыс тауып үлгерген. Шоумен Бекзат Мәженнің айтуынша, ол үнемі қараша айында жаңажылдық шаралардың кестесін құрып, тапсырыс қабылдаған. Алайда, қазір жұмыссыз отыруға мәжбүр.

Енгізілген шектеулерге байланысты қазақстандықтар жаңа жылдық кештер мен жаппай отырыстардан бас тартып жатыр.

"Биыл тапсырыстар 100 пайызға төмендеді. Егер өткен жылды қарасақ, менің әр күнім жоспарға толы еді, тіпті, барлық шараға қызмет көрсетіп үлгермейтінмін. Кейбіреуінен бас тартып та жүрдім. Қазір бірнеше сағат болсын, кез келген жұмысты алуға әзірмін. Бастысы, ақшасыз отырмай, жұмыс істеу керек",- дді кәсіпкер.

Мейрамхана иелері де осындай жағдайға тап болған. Санитар дәрігерлер ережесі бойынша, олар 50 адамнан артық мейман қабылдамайды, сағат 22:00- де жабылады. Олардың сөзінше, мұндай жағдайда жақсы мереке өткізу мүмкін емес.

"Мәселен, бір зал 400 адамға арналған. Қазір тыйым салынғандықтан, ешқандай шара өткізбейміз. Өткен жылы жаңа жылдың алдындағы мерекелерде мүлде орын болмаған. Тапсырыстар да көп еді. Қалай үлгеретінімізді білмей жүрдік. Халық кішігірім залдарға көп бармайды, қазір уақытты да шектеп тастады. Жаңажылдық кеште екі сағат көңіл көтеру үшін кім келеді? Ешкім", - деді мейрамхана иесі Асқар Әмірбек.

Қазақстандықтар мереке тойлау үшін басқа нұсқаларды тауып жатыр. Телеарна ақпарынша, жаңа жыл түні көпшілігі қала сыртына кетіп қалатын сыңайлы. Себебі, саяжайлар мен жекежайларға сұраныс артқан, ал иелері бағаны көтеріп тастаған. Қазірдің өзінде таудағы кішігірім үй тәулігіне 40 мың тңг, ал осыған дейін ол бір жарым есе арзан болған.

"Бағалар тұрақты болған, бірақ мерекеге орай өседі. Адамдар демалып, мерекені жақсы өткізгісі келеді. Менің ойымша, қалалықтар тауға жанұясымен барып қайтады",- деді әкімшісі Жазира Ерденова.

Телеарна дерегінше, мектеп оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілері де жаңажылдық мерекесіз қалады.

Дереккөз: КТК

Айта кетейік, Таразда үйлену тойына келген қонақтар тексеріс келгенде ғимаратттан шығуға асыққан. Салтанатты шара ұйымдастырушыларына әкімшілік хаттама толтырылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1885415-kazakstandyk-kompanialar-zaa-zylda-zymdyk-kes-tkizuden-bas-tartty/