RU

Ханкөлдегі елесті іздеуге бағытталған "арнайы операция" аяқталды (видео)

Елес
Видеодан кадр: NUR.KZ

Батыс Қазақстан облысының полицейлері Қаратөбе ауданындағы елеске қатысты ақпаратты тексеріп бітті. Қаңқу сөздер расталмаған. Тәртіп сақшылары айғақ ретінде өздері түсірген роликті жария етті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Әлеуметтік желіде таралған видео 11 ай бұрын Ресейде түсірілген. Оның Ханкөл ауылына еш қатысы жоқ. Азаматтармен жиын өткізілді. Адамдар өсекті сырттан келгендер тарататынын айтты. Ауылда ешкім елесті көрмеген", - деді БҚО ПД ресми өкілі Болатбек Белгібеков.

Қаратөбе ауданы полиция бөлімінің басшысы Роман Дүйсенғалиев видеодағы жердің Ханкөлге қарағанда мүлдем басқаша екенін атап өтті.

Ауылдағы жағдай қалыпты, барлық мекемелер штатты режимде жұмыс істеп тұр.

"Біз адамдардан үрейге бой алдырмауды сұраймыз. Елес туралы ақпарат жалған", - деді ол.

Еске салсақ, бұған дейін WhatsApp мессенджерінде БҚО Қаратөбе ауданы Ханкөл ауылының маңында сары шашты қыздың елесін көргендерін айтқан тұрғындардың әңгімесі тараған болатын.

Ханкөл ауылы кіретін Жусандыой ауылдық округының әкімі Талап Қазиев мұндай әңгімелер жаз соңында басталғанын айтты.

Кейінірек, БҚО әкімі Ғани Есқалиевтан аталмыш видеоға қатысты пікір білдіріп, мұның жалған ақпарат немесе біреудің әзілі екенін айтқан еді.

Дегенмен аймақ басшысы жағдайды тексеру үшін полиция қызметкерлерін жіберетінін айтқан болатын.

Осылайша, БҚО полицейлері сары шашты елес қызды іздеуге кірісті. Сондай-ақ жұрттың зәресін ұшырған видеоның шынайылығы да тексерілетіні хабарланды.

Нәтижесінде, бейнежазба 2019 жылдың желтоқсан айында "Регион ONLINE" сайтында жарияланғаны белгілі болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1885479-hankldegi-elesti-izdeuge-bagyttalgan-arnajy-operacia-aaktaldy-video/