RU

Халықпен кездесуде үстелді бір ұрған Талғардың бас дәрігері бұл әрекеті үшін кешірім сұрады

Нұрлан Күлсейітов
Видеодан кадр: LIFE KZ

Алматы облысында халықпен кездесу кезінде үстелді жұдырықпен ұрған Талғар аудандық орталық ауруханасының бас дәрігер бұл әрекеті үшін көпшіліктен кешірім сұрады. Нұрлан Құлсейітовтің айтуынша, тұрғындар жеке басына тиісе бастаған соң эмоциясын ұстай алмай қалған деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.

Еске сала кетсек, осыған дейін Талғардың бас дәрігерінің үстелді жұдырықпен ұрған сәті желіде тарап, көпшіліктің талқысына түскен еді.

Бұл жайт дүйсенбі 16 қараша күні Талғар аудандық аурухасының сенімгерлік басқаруға берілгенін халыққа түсіндіруге байланысты жиында орын алған. Онда келген тұрғындар бас дәрігер мен аурухананың жаңа басшыларын сұрақтың астына алған.

Аурухана басшысы Нұрлан Құлсейітов кейбір адамдар жеке басына тиісе бастаған соң, артық кеткенін жасырған жоқ.

Бұл әрекеті үшін ыңғайсыз жағдайға қалғанын мойындаған ол халықтан кешірім сұрады.

Сонымен қатар бас дәрігер бұған екі жылдан бері еңбек демалысына шықпағанын, наурыз айынан бері демалыссыз жұмыс істеудің де әсері барын екенін айтады.

"Ашуландым, ашуланғанда түсінетін олар жоқ. Сосын тұрдым да шығып кеттім. Ашуланғаныма елімнен кешірім сұраймын. Елден артық ештеңе жоқ. Қызметіміз осындай болғасын, дәрігер болғасын, артық кеттім шын айтайын", - дейді Талғар аудандық ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Құлсейітов.

Бас дәрігердің айтуынша, ауруханада коронавируспен күресу үшін екі айға жеткілікті дәрі-дәрмек қоры бар екен. Ал мемлекет тарапынан берілетін тегін дәрілер кей түрлері жетіспеуде. Жұртшылық соған наразылық білдіруде екен.

Дегенмен ашуға ерік берген Нұрлан Құлсейітовтің әрекеті қаншалықты этикаға жататынын Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан құрылған комиссия баға бермек.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қырғызстанның бұрынғы президенті Сооронбай Жээнбеков Қырғызстан халқынан кешірім сұрап, отставкаға кеткен еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1885495-halykpen-kezdesude-steldi-bir-rgan-talgardy-bas-drigeri-kesirim-srady/