RU

Мемлекеттің миллиардтаған қаржысына алынған ИВЛ аппараттары істемей тұр

Тәжвирус1
Көрнекі фото: Orhan Cicek/Anadolu Agency via Getty Images

Қазақстандағы өкпені жасанды желдету аппараттарының жартысына жуығы жұмыс істемейді. Ең сорақысы, медициналық құралдар қазынаның резервінде тұрған миллиардтаған қаржыға сатып алынған, деп хабарлады КТК телеарнасы.

Жаға ұстатарлық жағдайды айтқан сенаторлар, бюджеттің әр тиынын бұлай тиімсіз жұмсауға жол бермейміз деп отыр. Ал жауапты министрліктегілер мемлекет ақшасына алынған аппараттардың сапасына шаң жуытпайды. Тіпті, техника расымен істемесе, ақжағалылар қызметтен кетуге әзір.

Бүгін сенаторлар ел сенген шенеуніктердің өтіріктерін әшкере қылдық деп, айды аспанға бір-ақ шығарды.

Себебі олар отандық өкпені жасанды жеделдету аппараттарының жұмыс істемейтініне сенімді.

Телеарна таратқан ақпаратқа сәйкес, облыстардағы ауруханаларға жеткізілген 1500 ИВЛ аппараттың тек жартысы ғана науқастардың керегіне жарайын деп тұр. Мысалы, Жамбыл мен Түркістан облыстарындағы 50-ден аса аппаратты қолдану мүмкін емес дейді сенаторлар. Онсыз да өңірлерде жетіспей тұрған құралға үкімет резерв қаржысын жұмсаған.

"Биыл елімізде бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану фактілері анықталды. Мәселен, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Үкімет резервінен бөлінген қаражатқа отандық өндірушіден 1500 өкпені жасанды желдету аппаратын салып алған. Алайда елдегі барлық денсаулық сақтау ұйымы іс жүзінде тек 831 аппаратты ғана қабылдаған", - деді сенат депутаты Нұрлан Қылышбаев.

Ал индустрия министрлігі Қылышбаев айтқан мың жарым аппаратты еліміздің 297 емдеу мекемесіне жеткізгенін мойындап отыр. Алайда, ешбірінен сапасына қатысты шағым болмаған. Кей кезде ақаулар болғанда, бірден жөндеп бердік, деді ведомство өкілдері.

"1 қарашадағы жағдай бойынша мың жарым өкпені жасанды желдету аппараты еліміздің 297 емдеу мекемесіне жеткізілді, барлығы іске қосылған және пайдалануға дайын. Қазіргі уақытта 140 аппарат қолданыста, қалғандары резервте тұр. Бұл кезеңде Нұр-Сұлтан қаласында аппараттар ұзағырақ қолданылатыны байқалды  барлық аппарат жұмысына шағым-ескерту түскен жоқ. Өткен аптада Семейде бір компрессордың аздаған ақауы болды, бір тәулікте бұл компрессор ауыстырылды. Депутаттың қызыл кеңірдек болып айтқанын министрлік өкілдері құптамайды. Сенаторлар сөзін жалған деп Жанжүменов жиында бір-ақ кесті. Тіпті, техникалар жұмыс істемесе, жауаптылар жұмыстан кетуге тас-түйін дайын", - деді индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Талғат Жанжүменов.

Дереккөз: КТК телеарнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1885560-memleketti-milliardtagan-karzysyna-alyngan-ivl-apparattary-istemej-tr/