RU

СҚО-да "у шашқан" ұшақ: 8 жыл бұрын түсірілген видео желіні шулатты

Ұшақ
Фото: stopfake.kz

Қазнет қолданушылары желіде көкте ұшып бара жатқан ұшақтың кезекті видеосын таратуда. Автордың айтуынша, ұшақ "у шашып жүр", ал видео Солтүстік Қазақстан облысында түсірілген. Алайда бұл кезекті жалған ақпарат болып шықты деп хабарлайды Stop Fake.

Басылымның мәліметінше, мессенджерлерде "у шашудың" айғағы ретінде Солтүстік Қазақстан облысында көкке көтерілген ұшақтың видеосы таралған.

Шын мәнінде, бұл кадрлар 2012 жылдың желтоқсанында түсіріліп, YouTube-та жарияланғаны белгілі болды. Ту-204 ұшағының көкке көтерілген сәті Солтүстік Қазақстан облысында емес, Якутскіде түсірілген екен. Сол кезде ауа температурасының 45 градус нөлден төмен болғаны, оның ерекше із қалдыруына әкеліп соқтырған.

Ал ұшақтың артынан қалған ізді инверсия немесе конденсация деп аталады екен. Ол мұз кристалдарынан пайда болады және ұшу аппараттарынан кейін атмосферада қалыптасатын тамшылардың бір түрі саналады.

Мұндай құбылыс тропосфераның жоғарғы қабаттарында жиі болғанымен, стратосферада өте сирек байқалатын көрінеді. Википедия келтірген мәліметтерге сәйкес, мұндай із ауа температурасы төмен болғанда шағын биіктіктерде де байқалуы мүмкін.

Айта кетейік, бұл желі қолданушыларының ұшақтардың конденсациялық іздерін у шашудың дәлелі деп айтып отырғаны алғашқы жағдай емес.

Мәселен бұған дейін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қызыл түсті зат шашқан ұшақтың видеосына қатысты пікір білдірген еді.

Сонымен қатар "Атырауда тікұшақпен у шашылды, одан балалар ауырады" деген ақпарат тараған болатын. Алайда бұның кезекті жалған ақпарат екені анықталды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1885574-sko-da-u-saskan-sak-eski-video-tagy-da-zelide-tarady/