RU

Сенегалда 100-ден астам адам белгісіз дерт жұқтырды (видео)

Дерт жұқтырған науқас
Скриншот: Dakaractu TV HD

Сенегалдың батысында 100-ден астам балықшы белгісіз дертті жұқтырып алды деп хабарлайды РИА Новости.

Жергілікті Dacar Actu басылымы ұсынған ақпаратқа сәйкес, ауру ел астанасы Дакарға жақын орналасқан Рюфиск пен Мбур порттық қалалары арасында тіркелген.

Науқастарда қабыршақ түріндегі тері бөртпелері пайда болыпты. Белгісіз аурудың көзі ашық теңізде болуы мүмкін деп болжануда.

Себебі, ауру Рюфиск пен Мбур арасында балық аулауға барған балықшылар ғана жұқтырған.

Ауру белгілері бар барлық науқастар Рюфисктегі стадионда орналасқан ауруханаға жатқызылды.

Жергілікті билік, соның ішінде Рюфиск қаласының мэрі және облыстық медициналық қызметтің басшысы бейсенбі күні кешке бұл жайтқа қатысты шұғыл кеңес өткізді. Кездесуге балық аулау саласының өкілдері де шақырылған.

Еске салсақ, бұған дейін өткен тәулікте елімізде 800-ге жуық қазақстандықтан коронавирус анықталғанын жазған болатынбыз. Осылайша, елімізде коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың жалпы саны 123 888 жетіп отыр.

Сонымен қатар ас содасының коронавирусты емдейтіні қаншалықты рас екенін жазған едік. Мамандар ас содасын коронавирусқа қарсы дәрі ретінде қолдану шын мәнінде денсаулыққа қауіпті екенін және коронавирусты емдейтіні шындыққа жанаспайтынын ескертуде.

Одан бөлек, ресейлік вирусолог Алексей Аграновский көк шай мен табиғи шырындар коронавирусты емдей ме деген сауалға жауап берген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1885628-senegalda-100-den-astam-adam-belgisiz-dert-zktyrdy-video/