RU

Қызылордада терроризмді насихаттаумен айналысқан азамат тергелуде

Фото
Көрнекі фото: pexels.com

Қызылорда облысының түзеу мекемелерінің бірінде жазасын өтеп жатқан Түркістан облысы тұрғынының діни алауыздықты қоздырға бағытталған уағыздар таратумен айналысып жүргені анықталды деп хабарлайды Polisia.kz.

Облыстық полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы және өңір бойынша Қылмыстық-атқару жүйесінің департаментінің қызметкерлері бірлесіп жүргізген іс-шаралар барысында түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан Түркістан облысының 43 жастағы тұрғынының діни алауыздықты қоздыруға бағытталған уағыздарды таратумен айналысып жүргені белгілі болды.

Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-тармағы ("Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру") негізінде сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталып, сараптама тағайындалған. Оның қорытындысына сәйкес діни уағыздардан терроризмді насихаттау белгілері табылыпты.

"Күдіктіге қатысты 2020 жылғы 16 қарашада қылмыстық кодексінің 256-бабының 1-тармағымен (Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды", - делінген ведомствоның хабарламасында.

Еске сала кетсек, 2020 жылдың 13 наурызында Ұлттық қауіпсіздік комитеті жедел- іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Алматы қаласында "ДАИШ" (Қазақстанда тыйым салынған) халықаралық террористік ұйымы идеологиясын ұстанушыны ұстап, сот санкциясымен қамауға алды.

Сонымен қатар, көктемнің алғашқы айында Нұр-Сұлтанда теракт ұйымдастырмақ болған күдікті қолға түсті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1885631-kyzylordada-terrorizmdi-nasihattaumen-ajnalyskan-azamat-tergelude/