RU

Перуашев мемлекеттің атауын өзгерту жайлы ұсыныс жасады

Фото
Фото: Sputnik / Владислав Воднев

"Ақ жол" демократиялық партиясының XVI сайлауалды құрылтайында төраға Азат Перуашев Қазақ Республикасы атауын қайтаруды ұсынды деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ол биыл Алаш автономиясынан бастау алатын және қазіргі Қазақстанның негізін қалаған Қазақ Республикасына 100 жыл толғанын еске түсірді.

Оның сөзінше, алдымен қателесіп Қырғыз автономиялық республикасы деп аталып, бес жылдан кейін Сұлтанбек Қожанұлы, Сәкен Сейфуллин, Жалау Мыңбайұлы және басқа да тұлғалардың арқасында республикамызға ұлтымыздың төл атауы қайтарылды.

"Былтырғы жылы "Ақ жол" демократиялық партиясы Үкіметке бұл тарихи датаны ресми түрде атап өтуді және Қазақстан атымен қатар тоталитарлық Кеңес билігінің өзі мойындаған Қазақ Республикасы атауын қолдану туралы мәселені көтерді. Бұл бастаманы Шоқан Уәлиханов атындағы тарих институты қолдады. Бірақ біздің шенеуніктер үнсіз қалды. Сонда да біз тарихи бірлігімізді білдіретін Қазақ Республикасы мемлекеттік атауын қайтаруды жөн деп санаймыз", - деді Перуашев.

Ол сонымен қатар партияның бағдарламасындағы ең негізгі басымдық – Тәуелсіздік және Алаш ұлттық идеясы деп екенін атап өтті.

"Ақ жол" партиясының төрағасының сөзінше, мемлекет басқару ісіне қоғам жан-жақты араласып, оны бақылау керек. Елімізге әлеуметтік-экономикалық салада, саяси жүйеге де түбегейлі өзгерістер қажет, дейді ол.

Перуашев аталған өзгерістерді соза берудің қауіптілігі сонда, бұл Украина, Беларусь пен Қырғыз еліндей мемлекеттік дағдарысқа әкеп соғуы мүмкін екенін жасырмады.

"Ал Тәуелсіздіктің ең басты кепілі – қару емес, өз мемлекетін сыйлайтын, бағалайтын азаматтық қоғам болуы керек. Сондықтан, қазіргі билік моделіне бір ғана балама бар. Ол – терең әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларды қабылдап, жүзеге асыру қажет. «Ақ жол» демократиялық партиясы жаңа және әділ Қазақстанға апаратын өзгерістер бағдарламасын ұсынады. Сол бағдарламадағы басты басымдығымыз – Тәуелсіздік және Алаш ұлттық идеясы", - дейді партия төрағасы.

Еске салсақ, мәжіліс депутаты еліміздегі жеке және заңды тұлғаларға ауқымды несиелік рақымшылық жасауды ұсынды. Ол өз ұсынысын карантинге байланысты көпшілік табысынан айырылғандығымен, енді адамдарға бұрын алған несиелерін төлеу қиынға соққанымен негіздеді.

Оған қоса, парламент мәжілісінің депутаты Азат Перуашев әлеуметтік төлемдерді белгілегенде тұтынушылық қоржынды есепке алу қажет екенін мәлімдеді.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/1885667-peruasev-memleketti-atauyn-zgertu-zajly-synys-zasady/