RU

Коронавирустан қорғану үшін созылмалы ауруы бар адамдар нені ескеруі керек

аурухана кви
Көрнекі фото: AP PHOTO

Коронавирустан қорғану үшін созылмалы ауруы бар адамдар нені ескеруі керек? Бұл сұраққа Нұр-Сұлтандағы Көпсалалы медициналық орталығына қарайтын қалалық инфекциялық орталықтың басшысы Татьяна Цечоева жауап берді деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ең бірінші кезекте бұл санаттағы азаматтар оқшаулануы тиіс. Яғни инфекция жұқтыруы мұмкін деген қауіпті орындарға бармауы керек. Созылмалы ауруы бар адамдарда коронавирустың алғашқы белгісі пайда болса, бірден медицина қызметкеріне жүгінген абзал. Дәрігер оны емдеудің әдістемесін айқындайды. Пациент үйде емделеді, болмаса стационарға жатқызылады», - деді Татьяна Цечоева ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар, ол коронавирустың тыныс жолын қабындыратынын айтып өтті. Дәрігердің сөзінше, COVID-19 жұқтырған адамда мультижүйелі қабыну күшейеді.

«Адамның дене қызуы парацетомол ішкен соң басылмаса бірден дабыл қағып, жедел жәрдем қызметіне хабарлау керек. Сондай-ақ кеуде ауырласа – ол тромб түзілісінің пайда бола бастағанын білдіреді. Ол кезде де бірден шара қабылдау керек. Одан бөлек тыныс алу жиілесе, яғни дем алыс минутына 20-дан асып кетсе де жедел жәрдем шақырған абзал. Бұл симптомдар пневмонияның күшейіп бара жатқанын білдіреді», - деді ол.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Татьяна Цечоева коронавирус пен тұмаудың айырмашылығын айтып берген болатын.

Сондай-ақ, жұқпалы аурулар жөніндегі маман Амангүл Дүйсенова адамдарды қаншалықты тұмауға қарсы екпемен қамтамасыз етуге болатынын айтып, қазақстандықтар бір мезетте тұмаудың үш түрін жұқтыруы мүмкін екенін ескертті.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/1885760-koronavirustan-korganu-sin-sozylmaly-auruy-bar-adamdar-neni-eskerui-kerek/