RU

Атырауда Ресейден келген "қонақтың" қос азаматтықпен жүргені әшкере болды

қос азаматтық
Көрнекі фото: aikyn.kz

Атырау облысында қос азаматтықпен жүрген тағы бір адам анықталды деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Құрманғазы ауданының полиция қызметкерлері көршілес Ресейден келген «қонақтың» қос мемлекеттің азаматтығымен жүргенін әшкереледі.

«Бұрынғы атыраулық 1999 жылы отбасылық жағдайына байланысты Ресей Федерациясына көшіп кеткен. Ол 2000 жылы сол елдің азаматтығын қабылдаған. Бірақ, бұл туралы тиісті орындарға хабарламаған», - деп мәлімдеді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының төлқұжатымен жүрген бұл азаматқа қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 496-бабының 2-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылды.

Жинақталған құжаттар Құрманғазы аудандық сотына жолданып, бұл азаматқа 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Атырау облысында қос азаматтығы бар әйелге 500 мың теңгеден астам айыппұл салынғаны хабарланған еді.

Сонымен қатар, мәжілісте қос азаматтығы бар мемлекеттік қызметшілер мен квазисектор басшыларын жұмыстан шығару туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданғаны туралы жазған болатынбыз.

Айта кетсек, мемлекет басшысы 2020 жылдың 1 қыркүйегінде "Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі" Жолдауын жариялаған болатын.

Жолдау барысында президент мемлекеттік қызметшінің немесе квазимемлекеттік мекеме басшысының қос азаматтығы анықталған жағдайда олар қызметінен босатуды тапсырған.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/1885770-atyrauda-resejden-kelgen-konakty-kos-azamattykpen-zrgeni-skere-boldy/