Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жалғыз ұлының өліміне күдікті әлі күнге дейін ұсталмаған ана танымал заңгерден көмек сұрады

Опубликовано:

Ана
Фото: NUR.KZ

Ақтөбеге "HALYQ ÚNІ" жобасы аясында арнайы барған Айман Омаровадан көмек сұраушылар көп болды. Танымал заңгермен кездесуге келгендер құқық қорғау саласына қатысты сұрақтарын том-томдап әкелген деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Жалғыз ұлынан айрылған ана да заңгерден араша сұрап келгендердің бірі.

"Осыдан үш жыл бұрын менің баламды біреулер 41 разъезде қымбат машинаға мінгізіп, алып кетті. Кейін денесі табылды. Содан бері қылмыстық істің ашылмауына байланысты бармаған жерім жоқ. Баламды алып кеткен машина табылды, адам табылмай тұр. Бұл жағдай жанымды қинайды. Баламды кімнің алып бара жатқанына дейін видеоға түскен, бірақ іс ашылмай отыр. Менің жалғыз ұлым екі баланың әкесі. "Ана" деген сөзді ести алмай зар болып отырғаныма үш жыл болды. Баламды өлтірген адамды табуға көмектесуді сұраймын", - дейді тұрғын Райхан Есенаманова.

Тұрғынның шағымымен таныс екенін айтқан заңгер бұл мәселені президентке дейін жеткізетінін айтты.

"Бұл жерде сот сараптамасын алу керек. Кімнің алып кеткені белгілі, мәйіт табылды. Тергеу жүргізу керек. Прокуратура әрекетсіз. Олардың үш жыл бойы әрі-бері жазған қағаздарын көрдім. Ешқандай жаңалық жоқ. Бір-екі сөзді өзгертіп жаза берген. Мәселені бас прокурорға, облыс прокурорына жазып, "HALYQ ÚNІ" жобасы аясында көтереміз. Жергілікті прокуратура жұмыс істемейді.

Бізден көмек сұрайтын жалғыз сіз емес. Бәрі Ақтөбедегі соттар мен прокурорлардан шошиды. Мен осыған дейін де Ақтөбеге келген болатынмын. Сот пен прокуратураның қалай жұмыс жасайтынын жақсы білемін. Елдің бәрі жылап жүр. Неге тергеу жан-жақты жүрмейді? Бұл сұрақты президентке дейін көтереміз. Адам өмірі ойыншық емес",- деді Айман Омарова.
Алик Шпекбаев, Айман Омарова, Оңдасын Оразалин
Алик Шпекбаев, Айман Омарова, Оңдасын Оразалин. Фото: NUR.KZ

Халықпен кедергісіз байланыс орнату және азаматтардың мемлекеттік органдардың қызметіне сенімін арттыру мақсатында құрылған жобаның Ақтөбеде өткен кездесуіне Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев пен облыс әкімі Оңдасын Оразалин де қатысқан.

Еске сала кетсек, Ақтөбе облысында шошқа шаруашылығының жабылуын талап етіп, наразылыққа шыққан жүзден аса тұрғынға Ақтөбе облысының әкімі басу айтқан еді. Шаруашылықтың жұмысын құзырлы орган тексеретін болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1885797-zalgyz-lyny-limine-kdikti-li-knge-dejin-stalmagan-ana-tanymal-zagerden-kmek-srady/

pixel