RU

Қазақстанда әскери киімді заңсыз кигендерге айыппұл салынады

Полиция түсіндірме жұмыстарын жүргізуде
Фото: Видеодан кадр

Қазақстандықтар енді әскери киім киемін деп айыппұлға тап болу мүмкін. Атыраулық әскери полицейлер бүгінде айрықша белгілері бар киімді заңсыз киіп жүрген азаматтарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ескертуді елемегендерге айыппұл салынады.

"Хабар 24" телеарнасы тілшілерінің хабарлауынша, арнайы дүкендерде ашық сатылатын әскери киімге сұраныс өте жоғары. Сапасы жақсы киімнің бүгінгі күні бағасы да қолжетімді.

Алайда, әскери емес азаматтарға ондай киімді киюге рұқсат жоқ. Ақпарат өкілдерінің айтуынша, тәртіп сақшылары әзірге бұл мәселеге қатысты тек ескерту жасап жүр. Дегенмен, болашақта заңды бұзғандарды жауапкершілікке тарту қолға алынады.

Жандос Тұрланұлы есімді атыраулық жігіт әскери киіммен жұмыс істегенді қолайлы санайтын ерлер қатарында болып шықты. Ол аталған мәселеге қатысты өз ойымен бөлісті.

"Иә, айыппұл салады дегенді естідім. Бірақ мына киім өте ыңғайлы, сапасы да керемет. Шарбақта, далада шаруамызды жасағанда киіп алуға өте жақсы. Ал егер айыппұл салып, басқа да шаралар қолданатын болса, дүкендерден алып тастасын. Басқа нұсқа күтіп тұрған жоқпын. Базарларда, дүкендерде, арнайы дүкендерде көп. Барлық жерде ашық сатылады" , - деді ол.

Әскери киім үлгілерін заңсыз кию деректерін анықтау мақсатында өткен акция кезінде қазан айынан бері 28 тұрғынға ескерту берілген. Тәртіп сақшыларының сөзінше, осындай заңсыздық қайталанатын болса, заңнамаға сәйкес жеке тұлғаларға 5, ал заңды тұлғаларға 25 АЕК көлемінде айыппұл салынбақ.

"Бұл киімдер қарапайым тұрғындар арасында ыңғайлылығымен және арзан бағасының арқасында жоғары сұранысқа ие. Әскери киімдер негізінен ауысым формасы немесе жұмыс формасы ретінде қолданылады. Қоғамда әскери форманы киген тұрғындардың құқықбұзушылық және тәртіпбұзушылық, әскери қызметкерлер жасаған бұзушылық ретінде қабылданады. Нәтижесінде бұл Қарулы Күштердің имиджіне және әскери адамның сыртқы келбетіне кері әсер етеді" , - деп жауап берді әскери полиция бөлімшесінің капитаны Бақтияр Дәуренқұлов

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1885844-kazakstanda-skeri-kiimdi-zasyz-kigenderge-ajyppl-salynady/