RU

ШҚО-да мал ұрлығына күдіктелген азамат жеті бірдей полицейге коронавирус жұқтырды

Полицей1
Көрнекі фото: NUR.KZ / Петр Карандашов

Шығыс Қазақстан облысы Аққулы ауданында полиция бөлімінің жеті бірдей тәртіп сақшысы бір күнде коронавирус жұқтырып алды. COVID-19-ды оларға күдіктілердің бірі жұқтырғаны белгілі болды.

Аудан әкімінің орынбасары Алма Қасымова барлық жеті полицей жұмыс барысында дертті жұқтырғанын мәлімдеді деп хабарлайды PavlodarNews. Сол күні тәртіп сақшылары мал ұрлады деп айыпталған күдіктіні қамауға алған. Ер адам уақытша оқшаулағышқа жеткізілді.

Кейін ұсталған азаматтың COVID-19-бен ауырып жүргені белгілі болған, ол симптомсыз дерт жұқтырушы болып шықты. Әкім орынбасарының айтуы бойынша, дәл осы азамат АІІБ-да инфекция ошағын тудырған.

Күдіктімен байланыста болғандардың барлығы тексерілді. Тәртіп сақшылары үй карантиніне жіберілгеннен кейін олардың арасында коронавирус жұқтыру жағдайлары растала бастады.

Естеріңізге сала кетейік, жақында ШҚО-да бір топ дәрігер басшыларының былығын ашып, жанайқайын жеткізген еді. Ақ халаттылар аудандық аурухананың бас дәрігерінің лауазымға сай емес әрекетке барғанын айтып, шағымданған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының арнайы комиссия құрамы Үржар ауданында тексеріс жүргізеді.

Сонымен қатар, әлеуметтік желіде ШҚО-дағы екі жоғары лауазымды полицейдің үстінен жазылған арыз пайда болды. Арызданушылар Семей полиция басқармасының бастығы Мақсат Зекенов өздерін бопсалады деп айыптаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1885875-sko-da-mal-rlygyna-kdiktelgen-azamat-zeti-birdej-policejge-koronavirus-zktyrdy/