RU

Үшеуі жансақтау бөлімінде: Елордадағы жарылыстан зардап шеккендер ауыр халде жатыр

Жарылыс
Фото: ТЖД

Нұр-Сұлтан қаласының денсаулық сақтау басқармасы елорда кафелерінің бірінде газ баллонының жарылуынан жарақат алғандардың жағдайs туралы хабарлады - үш адам өте ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Нұр-Сұлтан денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Әйгерім Ардаққызының айтуынша, астанадағы кафелердің бірінде болған жарылыстан 34 адам зардап шеккен - 23 адам қалалық емханаларға жатқызылды, 11 адам жеңіл жарақатпен амбулаториялық емделуге жіберілді. Зардап шеккендердің дені әртүрлі дәрежедегі күйіктер алған, газ иісінен уланған және бас-ми жарақатын алған.

Жарақат алғандардың көбі - кафе қызметкерлері. Бір зардап шегуші травматология бөліміне, қалғаны күйік бөліміне түсті.

"Үш адам жансақтау бөлімінде, бір ер адам өте ауыр халде жатыр. Екеуінің жағдайы ауыр деп бағалануда. Қалған науқастардың жағдайы орташа ауыр дәрежеде. Газ баллонының жарылуы салдарынан бір адам қаза тапты - ол емханада емес, оқиға орнында көз жұмған. Біздің білуімізше, ол кафенің қызметкері болған", - дейді денсаулық сақтау бөлімінің өкілі.

Еске сала кетейік, өткен демалыста Нұр-Сұлтанда газ баллоны жарылып, бір адам қайтыс болған еді. Осы оқиғадан кейін қаза тапқан қыздың отбасына көмек көрсетілетіндігін айтқан Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов Төтенше жағдайлар департаменті мен Полиция департаментіне қаладағы басқа да қоғамдық тамақтану нысандарында өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуын тексеруді тапсырған болатын.

Дәмханада орын алған газ баллоны жарылысына байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1885943-seui-zansaktau-bliminde-elordadagy-zarylystan-zardap-sekkender-auyr-halde-zatyr/