RU

Жеті адам қаза тапты: Коронавирусты елемеген тойдың соңы қайғыға ұласты

Дастархан
Көрнекі фото: pixabay.com

АҚШ-та аста-төк үйлену тойының соңы қайғылы жайттарға ұласып, тойдан кейін жеті адам коронавирустан қайтыс болды деп хабарлайды ren.tv.

АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы коронавирустық инфекцияның таралу жағдайларын талдап, олардың барлығы бір үйлену тойымен байланысты деген қорытындыға келді.

Нәтижесінде үйлену тойында дерттің таралуы жеті адамның өліміне себепкер болғаны анықталған. Тойға коронавируспен ауыратын науқас адамдар қонаққа келіп, салдарынан 177 адам ауру жұқтырған. Олардың кейбірі дертті еңсере алмай, қайтыс болған.

55 қонақ қатысқан үйлену тойы Мэн штатында болған екен. Айта кетерлігі, аталмыш штаттың шағын қаласында бұл жайтқа дейін коронавирустың таралу жағдайы тіркелмеген.

Қалада аурудың алғашқы жағдайлары үйлену тойынан бес күн өткен соң тіркелген. Алдымен екі қонақ тамақ ауруы, құрғақ жөтел және жоғары температураға шағымданған. Келесі күні тағы үш қонақ ұқсас белгілерге шағымданады. Олардың барлығына коронавирус диагнозы қойылып, кейіннен науқастар саны көбейіп кеткен.

Тойдың көптеген заң бұзушылықтармен өткені, профилактикалық шараларды сақтамағаны белгілі болды. Қонақтар бетперде тақпаған және әлеуметтік арақашықтықты сақтамаған.

Салтанатты рәсімге келген 55 адамның 27-сі коронавирус жұқтырғаны анықталды. Той болған мейрамхананың қызметкерлері де ауру жұқтырған. Кейінірек, екінші реттік байланыстар арқылы инфекция мейрам өткен қаладан жүздеген шақырым қашықтықта орналасқан қарттар үйі мен түрмеге де тараған.

Еске салсақ, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген танымал ресейлік продюсер Бари Алибасов дүние есігін әлі ашпаған баласына Ковид немесе Пандемия есімін бермек екенін жазған едік.

Сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2021 жылы Еуропада коронавирус инфекциясының үшінші толқыны болуы мүмкін екенін ескерткен еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1885967-zeti-adam-kaza-tapty-koronavirusty-elemegen-tojdy-soy-kajgyga-lasty/