Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда 177 мыңнан астам отбасы АӘК алуда

Опубликовано:

Иллюстративное фото "Семья"
Фото: pixabay.com

2020 жылы Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек төлеудің жаңа тәсілі іске қосылды. Аз қамтылған отбасылардың балалары ай сайынғы кепілдендірілген әлеуметтік пакет ала бастаса, барлық көпбалалы отбасылар табыс деңгейіне қарамастан, көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақыны иеленуде. Бұл шаралар отбасылардың жағдайына қалай әсер етті, АӘК тағайындаудың жаңа тәртібінің енгізілуі қандай нәтиже берді және оның артықшылығы неде? Бұл сұрақтарға ҚР ЕХӘҚМ әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаменті АӘК басқармасының басшысы Әсия Құрманқұлова KAZ.NUR.KZ порталына сұхбатында жауап берді.

Логотип ҚР ЕЖХӘҚМ
Фото: ҚР ЕЖХӘҚМ

- Жыл басынан бері қанша қазақстандық АӘК алды және осы мақсаттарға бюджеттен қанша қаражат бөлінді? АӘК алу үшін не істеу керек?

– АӘК тағайындау үшін бюджеттен 118 миллиард теңге бөлінді, осы жылдың 10 айында АӘК 177 мың отбасынан 865 мың адамға тағайындалып отыр.

АӘК алуға алғаш рет жүгініп отырған тұрғын eGOV порталы арқылы өтініш жіберуі керек. Өтініш жұмыспен қамту орталығына келіп түсіп, орталық қызметкерлері "e-Халық" ақпараттық жүйесі арқылы өтініш берушінің отбасы құрамын және кірісін тексереді. Жан басына шаққандағы орташа табыс ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-нан (бұл кедейлік шегі) аспаған жағдайда, АӘК тағайындалатын болады. АӘК - бұл кедейлік шегі мен жан басына шаққандағы орташа табыс арасындағы айырмашылық. Егер табыс кедейлік шегінен асып кетсе, онда отбасы бұдан былай аз қамтылғандар санатына жатқызылмайды және әлеуметтік көмек тағайындалмайтын болады.

Елімізде АӘК табысы төмен отбасыларға 2001 жылдан бастап беріліп келеді. Алайда осы жылдар ішінде төлеу механизмі бірнеше рет өзгеріске ұшырады. Биылғы жылы жаңа механизм жүзеге асырылуда. Мәселен, 4 немесе одан да көп баласы бар көпбалалы отбасыларға табыс деңгейіне қарамастан, бөлек жәрдемақы тағайындалды. АӘК-ні ақшалай беру жалғасын табуда. Сонымен қатар, осы жылдан бастап аз қамтылған отбасылардың 1-ден 18 жасқа дейінгі балалары кепілдендірілген әлеуметтік пакет алады.

- Пандемия онсыз да қиын жағдайда отырған аз қамтылған отбасылардың тұрмысын тіпті қиындатып жіберді. Төтенше жағдай кезінде оларға қандай қолдау көрсетілді?

– COVID-19 пандемиясына байланысты шектеу шаралары мен төтенше жағдай кезеңіндегі қолдауға келетін болсақ, 2020 жылдың 2-тоқсанынан бастап АӘК алушыларға төлем автоматты түрде ұзартылды, оған қоса 5% үстеме жасалды. Яғни, олар жұмыспен қамту орталықтарына жүгінбеді. 3-4 тоқсанда көмек тағайындау туралы өтініш те ұзартылды, алайда кірістер алдыңғы тоқсандағы өзгерістерді ескере отырып қайта есептелді.

Сондай-ақ, халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын жандар азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар үшін кем дегенде 2 АЕК мөлшерінде төлем алды. Олардың арасында АӘК алушылар қатарындағы 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар, жұмыспен қамту орталықтарында есепте тұрған жұмыссыздар, барлық топтағы мүгедектер және мүгедектігі бар баланы бағып отырғандар бар.

Пандемия кезінде Электронды үкімет порталы арқылы АӘК алу үшін өтініш беруге мүмкіндік жасалды. Осылайша, біз коронавирус жұқтырудың алдын алу мақсатында жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлері мен көмек алушылар арасындағы тікелей байланысты болдырмадық.

- Биылғы жылы АӘК төлеу тәртібін өзгерту қандай нәтижелер көрсетті?

– АӘК төлеудің жаңа тәсілі өткен жылмен салыстырғанда толығымен түзетілді, енді АӘК-ні бұл көмекке шынымен мұқтаж отбасылар ғана алады.

Еңбекке қабілетті отбасы мүшелерінің жұмысқа орналасуға жәрдемдесу шараларына міндетті түрде қатысуы - АӘК тағайындаудың маңызды талаптарының бірі болып отыр. Мұндай талап оларды жұмыс істеуге ынталандырады. Егер отбасының еңбекке жарамды мүшесі ұсынылған жұмыспен қамту шараларынан және тұрақты жұмысқа орналасудан бас тартса, онда бүкіл отбасы АӘК-тен айырылады.

Осы жылдан бастап АӘК бұрынғыдай 6 және 12 айға емес, тоқсан сайын тағайындалады. Отбасы табысы әр тоқсан сайын қайта қаралады. Учаскелік комиссиялардың жұмысы да күшейтілді. Егер өткен жылы оларға отбасының материалдық жағдайын зерттеуге 3 күн берілсе, биылғы жылдан бастап 7 күн беріліп отыр.

Карантин кезеңінде учаскелік комиссия үйлерді араламайтынын айта кеткен жөн, олар АӘК алушылардың тұрмыс жағдайына сараптаманы мессенджерлер арқылы жүргізеді.

- Бұған дейін жағдайы төмен деп айтуға мүлде келмейтін, коттедждерде тұрып, қымбат көліктерде жүретін жандар белгісіз себептермен АӘК алушылар қатарынан табылып жатқан жағдайлар болған еді. Бүгінде жағдай қалай өзгерді?

– Атаулы әлеуметтік көмек берудің жаңа механизмін әзірлеу кезінде біздің міндетіміз кедейлік шегінен төмен және шын мәнінде АӘК-ге мұқтаж отбасылардың бірінші кезекте көмек алуын қамтамасыз ету болды. Егер былтыр біз ауқатты адамдардың АӘК-ге ие болып жатқанының куәсі болсақ, бүгінде бұл мүлде мүмкін емес, себебі шарттар күшейтілді.

- Табысы АӘК тағайындау үшін қажетті көрсеткіштен 500 теңгеге жоғары болғандықтан, атаулы әлеуметтік көмектен қағылып қалған отбасылар бар. Мұндай жағдайда мемлекет оларға түсіністік танытып, көмек көрсете ала ма?

– Отбасының табысы АӘК тағайындау үшін қажетті көрсеткіштен шамалы асып кетіп, АӘК алуға рұқсат берілмегеннің өзінде, мұндай отбасылар қолдаусыз қалмайды - жергілікті атқарушы органдардың жұмыспен қамту бөлімдері оларға жергілікті бюджеттен көмек көрсетеді.

Сондай-ақ, отбасы мүшелері жұмыс іздеуде әрдайым жұмыспен қамту орталықтарына көмекке жүгіне алады. Мәселен, егер олар жалақысы төмен жұмыс істеп жүрген болса, орталық арқылы еңбекақысы әлдеқайда жоғары жұмыс таба алуы мүмкін, немесе қысқа мерзімді кәсіптік курстардан өтіп, кәсіпкерлік қызметті дамытуға, кәсіп бастауға және өзге де бастамаларға гранттар иеленуге мүмкіндік бар.

– Атаулы әлеуметтік көмекті төлеу механизмі бірнеше рет өзгерді. Бүгінгі таңда қолданыста жүрген нұсқаны соңғы әрі оңтайлы тәсіл деп айта аламыз ба?

– Жыл аяқталуға шақ қалды және осы 10 айдың қорытындысын талдай келе, қазіргі қолданыстағы механизмді ең оңтайлы деп айта аламын.

- Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы, АӘК төлеудің жаңа механизмі, кепілдендірілген әлеуметтік пакет - осы шаралардың барлығы Қазақстандағы әлеуметтік мәселелерді шешуге көмектесті ме? Елде мұқтаж отбасылардың саны азайды ма?

– Биылғы жылы жүзеге асырылып жатқан жаңа қолдау шаралары мен көмек құралдары шынымен де аз қамтылған отбасылар үшен үлкен қолғабыс болып отыр. Бір ғана кепілдендірілген әлеуметтік пакеттің өзі азаматтарымыз үшін үлкен көмек болуда. Тұрғындардан көптеген жақсы пікірлер мен алғыс сөздер естіп келеміз. Бұл жаңартулар жағдайдың жақсаруына ықпал етіп жатқаны, сөзсіз.

- Сұхбат бергеніңізге рахмет!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1885982-kazakstanda-177-mynan-astam-otbasy-ak-aluda/

pixel