RU

"Пневмония болуы мүмкін": Ақтөбеде ауруханаға түскен 9 жастағы бала көз жұмды

аурухана
Көрнекі фото: pexels.com

Ақтөбе облысы Хромтау ауданында пневмония анықталған 9 жастағы бала ауруханада көз жұмды. Бұл туралы бүгін облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров баспасөз конференциясында хабарлады деп жазады KAZ.NUR.KZ.

"Өкінішке орай, бізде 9 жастағы баланың өлімі тіркелді. Нақты қортынды диагноз қойылған жоқ. Бұл сұрақ бойынша арнайы топ жұмыс істеп, өлім себептері анықталып жатыр. Алдын ала мәліметтер бойынша, бұл пневмония болуы мүмкін.

Балада ішек инфекцияларының белгілері болған, іші ауырған, құсқан. Отбасы Хромтау ауданында медициналық көмекке жүгінген. Ем тағайындалды. Жасөспірімді облыстық стационар дәрігерлері қарап, инфекциялық ауруханаға жіберген. Ол жерде қосымша тексеру жүргізгенде пневмония анықталған. ПЦР тест теріс нәтиже көрсеткен. Өкінішке орай баланың жағдайы ауырлап, көз жұмды", - дейді Ізбасаров.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жасөспірім 11 қарашадан бастап ауырған.

Ата-анасы баласы ауырған соң 1-2 күннен кейін аудандық ауруханаға, 16 қараша күні облыстық балалар ауруханасына апарған. Ол жақтан ақ халаттылар инфекциялық ауруханаға жіберген. Кейін жасөспірімнің коронавирус инфекциясына тапсырған тесті теріс нәтиже көрсеткеннен кейін ол балалар ауруханасына қайта түсіп, сол жерде көз жұмған.

Жасөспірімнің екі өкпесінен де пневмония анықталғанын хабарлаған дәрігерлер баланың өліміне не себеп болғаны 10 күннен кейін белгілі болатынын мәлімдеді.

Қазір Ақтөбе қаласында 3,5 және 4 жастағы балалардан коронавирус инфекциясы анықталуына байланысты 3 балабақша және Шалқар ауданында 1 мектеп карантинге жабылған.

Еске сала кетсек, өткен тәулікте Қазақстанда COVID-19 белгілері бар пневмониямен ауырған 44 адам тіркелген.

Одан бөлек, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2021 жылы Еуропада коронавирус инфекциясының үшінші толқыны болуы мүмкін екенін ескертті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1886006-pnevmonia-boluy-mmkin-aktbede-auruhanaga-tsken-9-zastagy-bala-kz-zmdy/