RU

Ақтөбеде 17 жастағы қыз бен оның досы көпқабатты үйдің балконынан секіріп, мерт болды

Фото
Фото: NUR.KZ

Ақтөбе қаласында 25 қабатты үйдің балконынан секірген қыз бен жігіт мерт болды деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы.

Оқиға 22 қараша күні таңғы сағат жеті шамасында тіркелген. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, кәмелетке толмаған қыз балаға ата-анасы 21 қарашадан бері іздеу салған.

"11 мөлтек ауданындағы үйдің ауласынан екі жас адамның денесі табылды. Тексеру кезінде жоғалған 17 жастағы қыз және оның 18 жастағы досы екені анықталды. Қыз бен жігіт 25 қабатты үйдің балконынан секірген",- деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полиция бұл жайтты қылмыстық кодекстің 105-бабы 3-бөлігі (Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) бойынша тіркеп, сот-медициналық сараптамалары тағайындалған.

"Жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсаудың ең көп кездесетін себептері –махаббат мәселесі, құрдастарымен немесе ата-аналарымен болатын жанжал, болашақ үшін қорқыныш және жалғыздық сезімі. Ата-аналар баланың эмоционалды жағдайына назар аударуы керек.

Өзара әңгімелесіп, сөйлесу, мәселелерді талқылау, оларды шешуге үйрету, баланың өмірге құштарлығын ояту керек. Егер сіздің қолыңыздан келмесе, балаңыздың әлеуметтік немесе эмоционалды жағдайында бір мәселе туындағанда көмек сұрауға қымсынбаңыз. Бәрі өздігінен жақсарады деп үміттенбеңіз. Қырағылық танытыңыз", - дейді Ақтөбе облысы полиция департаментінің бастығы Атығай Арыстанов.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қарағандыда жасөспірімнің тоғызыншы қабаттан секіріп кеткенін жазған едік.

Сонымен қатар Павлодар облысында сүйіктісімен ұрысқан 22 жастағы қыз көпірден секірген еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1886047-aktbede-17-zastagy-kyz-ben-ony-18-zastagy-dosy-kpkabatty-jdi-balkonynan-sekirip-ketken/