RU

Коронавирус: Елімізде тағы бір өңір "қызыл" аймаққа кірді

Фото
Көрнекі фото: NUR.KZ

Ақмола облысы коронавирус жұқтырғандардың артуына байланысты "қызыл" аймаққа кірді. Бұл туралы облыстың бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина хабарлады. Тек өткен тәулік ішінде өңірде COVID-19-дың тағы 61 жағдайы тіркелген деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Бір апта бұрын ақмолалықтар "сары" аймақтан "жасылға" ауысқанына қуанған еді, алайда бұл ұзаққа созылмады. Облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айнагүл Мусинаның сөзінше, қазіргі уақытта облыс "қызыл" аймақта тұр.

Тек өткен тәуліктің өзінде мұнда коронавирустың 61 жағдайы тіркелген.

Сарапшылардың пікірінше, вирус жұқтырғандардың артуы бірқатар себептерге байланысты. Олардың қатарында маусымдық аурулардың әсер етуі, тест көлемінің ұлғаюы және тұрғындардың карантин талаптарын сақтамауы бар.

Айнагүл Мусина облыс аумағында коронавирусты жұқтыру бойынша Көкшетау қаласы көш бастап тұрғанын, онда күн сайын 30-ға дейін вирус жұқтыру жағдайы тіркеліп жатқанын атап өтті. Одан кейін Степногорск қаласы мен Бурабай ауданы орналасқан.

Өткен аптамен салыстырғанда өңірде ауру өсімі 1,3 есеге артқан.

Облыстың бас санитар дәрігерінің айтуынша, соңғы күндері тест тапсырушылардың да көлемі артқан. Ақмолалықтар күн сайын 6 зертханада 1800 анализ тапсыруда.

Еске сала кетсек, Қазақстанда өткен тәулікте 716 адамнан коронавирус анықталды. Осылайша, жалпы ел бойынша ауырғандар саны 126 182-ге жетті.

Жалпы елімізде коронавирустың таралу қарқыны бойынша бұған дейін Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Павлодар мен Қостанай облыстары "қызыл аймаққа" енген еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1886061-elimizde-tagy-bir-ir-koronavirus-bojynsa-kyzyl-ajmakka-kirdi/