RU

БҚО-да жанармай ақысын төлеуді "ұмытып" кеткен жүргізші тергелуде

жанармай
Көрнекі фото: www.forumdaily.com

Батыс Қазақстан облысында түркістандық жүргізуші жанар май құйып, ақысын төлемей кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға Бәйтерек ауданы аумағында «Самара-Шымкент» күре жолында болған.

«Volvo» жүк көлігінің жүргізушісі жанар-жағармай құю стансасында 767 литр дизельді отынды құйып алып, ақысын төлемей кетіпті. Осылайша нысанның иесіне 134 399 теңге залал келтірген.

Қабылданған шаралар нәтижесінде Түркістан облысының 40 жастағы тұрғыны анықталып, ұсталды.

Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 195-бабы 1-бөлігіне (мүліктік зиян келтіру) сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Батыс Қазақстан облысында бюджет қаражатын жымқырды және салық төлеуден жалтарды деген күдікпен кәсіпорын директоры ұсталған болатын.

Тергеу мәліметі бойынша, күдікті 2017-2018 жылдары салық төлеуден жалтарған. Салдарынан қарыз сомасы 1,5 миллиард теңгеден (3,5 миллион доллар) асқан.

Сондай-ақ, СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары түрмеде отырғанын жасыру үшін еңбек демалысын алғаны туралы хабарлаған едік.

Аталған жағдай Петропавлдағы этика жөніндегі кеңесте қаралды. Тәртіп бұзғаны үшін 15 тәулікке қамалған ведомство бастығының орынбасары Асхат Бакеев жалақысы сақталмайтын еңбек демалысы алу туралы шешім қабылдаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1886074-bko-da-zanarmaj-akysyn-tleudi-mytyp-ketken-zrgizsi-tergelude/