RU

Мысырда қазақстандық туристен коронавирус анықталды

Турист ер адам1
Көрнекі фото: pixabay.com

Мысырдың Шарм эль Шейх курорттық қаласында Қазақстанға ұшуы тиіс болған қазақстандық туристердің бірінен ПТР-тест тапсыру кезінде коронавирус анықталды деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Нефер тур" туристік компаниясының өкілі Ибрагим Елатардың айтуынша, ер адамда аурудың еш белгілері байқалмаған. Ол карантиндік блокқа орналастырылған.

Оны медицина қызметкерлері бақылайтын болады. Ер адамның жүріс-тұрысы, тамақтануы бойынша барлық шығындар сақтандыру есебінен өтеледі.

"Пациент сауығып шыққаннан кейін отанына жіберіледі", - дейді Ибрагим Елатар.

Еске сала кетейік, Қазақстан 17 тамыздан бастап Мысырмен әуе қатынасын жандандырған еді.

Сонымен қатар сол жақта тұратын отандасымыз Оксана Мун Мысырдағы эпидемиологиялық ахуал туралы баяндаған болатын. Оның сөзінше, әзірге елде жағдай тұрақты.

Оксананың айтуынша, бұған Мысырға тек ПТР анықтамамен кіру, жоқ болған жағдайда ұшып келген соң бірден тест тапсыру сынды ережелер әсер еткен болуы мүмкін. Мысырда да дәл БАӘ-дегідей мейрамханалар, ойын-сауық орталықтары ашық.

Отандасымыз сондай-ақ елде маска режимі жоқ екенін, ешкім қорғаныс қолғаптарын кимейтінін де атап өткен болатын.

"Супермаркеттер мен дүкендерде қолғапты былай қойғанда, маска таққан адамдарды кездестірмейсіз", - деген еді ол.

Оксананың сөзінше, жалғыз міндетті ереже мейрамханаға кіргенде дене қызуын тексереді, кальян тартуға тыйым салынған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1886083-mysyrda-kazakstandyk-turisten-koronavirus-anyktaldy/